Мейрамкүл НАРМҰРАТОВА, профессор: Мақсат – денсаулыққа пайдалы әрі бәсекеге қабілетті өнім жасауFarabi University
Референдум 15 марта

Мейрамкүл НАРМҰРАТОВА, профессор: Мақсат – денсаулыққа пайдалы әрі бәсекеге қабілетті өнім жасау

10 наурыз, 2026

Мейрамкүл Нармұратова – биология ғылы­мы­ның кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биотехнология кафе­драсының қауым­дас­ты­рылған профессоры, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2025» атағының иегері. Сүт биохимиясы мен биотехнологиясы саласының маманы.

Ғылыми қызметі бары­сын­да Мейрамкүл Құдырет­қы­зы отандық және халық­ара­лық деңгейдегі 10-нан астам ғылыми жобаның әрі орындаушысы, әрі жетек­шісі болды. Оның бас­шы­лы­ғы­мен бие мен түйе сү­тінен про­биотикалық өнім­дер, лак­тоферрин және био­ло­гия­лық белсенді пептидтер алудың инновациялық тех­но­логиялары әзірленді. Атап айтқанда «Бие сүтінің сарысу белоктарынан био­ло­гиялық белсенді пеп­ти­д­терді алу биотехнологиясы» (2023-25 жж.) жобасының жетекшісі ретінде бие сү­ті­нің құнды компо­нент­терін бөліп алу әдістерін же­тіл­діруде. Ғалымның бас­шы­лы­ғымен және өзінің қа­тысуы нәтижесінде бие мен түйе сүтінен пробиотикалық өнімдер, лактоферрин және биологиялық белсенді пеп­тид­тер алу технологиялары әзірленді. Мейрамкүл Нар­мұ­ратова 60-тан астам ғы­лыми еңбектің, оның ішінде Scopus/Web of Science де­ректер базасына енген ма­қалалардың авторы, 6 па­тент пен 2 авторлық куә­ліктің иегері, Хирш ин­дексі – 7.

Профессор Мейрамкүл Нармұратова Франция, Ита­лия, Малайзия және Қытайдың жетекші ғылыми орталықтарында тағылым­да­мадан өткен.

– Біз бие сүтінің сарысу белогы – лактоферрин мен оның биологиялық белсенді пептидтерін бөліп алу тех­но­логиясына бағытталған жобамен айналысамыз. Лак­­тоферрин – сүт сары­суы­ның құрамында болатын мультифункционалды та­би­­ғи белок. Аталған бе­локты зерттеуге деген ға­лым­дар­дың қызығушылығы күн са­йын артып келеді. Бие лак­то­феррині сиыр лак­то­фер­риніне қарағанда терең зерттелмеген сарысу белогы. Соңғы кездері жүргізілген зерттеулер бұл бағытта әлі де көп ақпарат жинау керектігін көрсетеді. Сиыр сүті лактоферрині ту­ралы көптеген зерттеу және шолу мақалалар бар. Алай­да бие сүті лактоферрині, тіп­ті басқа да белоктары жө­нінде жалпы ақпарат бол­ғанымен, толыққанды зерт­теулер жоқ. Сондықтан қа­зіргі таңда бие сүтінің лак­­­тоферрині бірқатар ма­ңыз­ды зерттеулердің ныса­ны­на айналды. Ғалымдар оның бірегей қасиеттерін анықтауда, – дейді ол.

Бие сүтінің емдік қасиеті оның құрамындағы лакто­фер­рин, лизоцим және им­муноглобулиндер сияқты биологиялық белсенді зат­тармен тікелей байланысты. Лактоферрин осы жүйенің маңызды бөлігі болып са­на­лады және оның микробқа, ви­русқа қарсы және имму­ни­тетті реттеуші қызметтері бар екені белгілі. Біздің қа­зақ халқы бие сүтінің ши­па­лық қасиетін ерте заманнан білген, саумал мен қы­мыз­ды туберкулез, асқазан ау­ру­ларына және әлсіздікке қарсы емдік-профи­лак­ти­ка­лық мақсатта қолданылған. Заманауи ғылым бұл өнімнің құпиясын тереңірек ашуға мүмкіндік береді. Ғылыми қауымдастықтың бие сүтіне деген қызығушылығын бір­неше себептерден көруге болады. Біріншіден, бие сүті құрамы жағынан альбуминді типке жатады. Осы қасиеті оны ана сүтіне жақын етеді. Бұл оның құрамындағы бе­локтардың адам ағзасына жеңіл сіңетінін және ал­лер­гия тудыру қаупі төмен еке­нін білдіреді. Екіншіден, оның бірегейлігі, яғни бие сү­тінің лактоферрині басқа жануарлармен салыс­тыр­­­­ған­да ерекшеленетін қа­сиеттерге ие болуы. Мы­­салы, бие сүтінің фер­ментативті гидроли­за­ты ал­лер­гиялық реакция кезінде қабынуға қарсы цитокин­дерді активтендіріп, иммун­дық жүйеге оң ықпал ететіні анықталған. Бұл оның им­мун­дық жүйені реттеудегі ерекше рөлін көрсетеді. Со­нымен қатар жоба аясында бие сүті лактоферриннің бір­неше маңызды пеп­тид­тері бөліп алынды. Алынған пептидтердің анти­микроб­тық, антиоксиданттық, ме­талл иондарын байла­ныс­тыру қасиеттерін анықтап, антигипертензиялық бел­сен­ділігіне болжам жа­сал­ды. Болашақта бие сү­тінің сарысу белоктары, олардың биологиялық белсенді пеп­тид­тері спорттық тағам қос­палары, балалар тағамы, им­­мунитетті қолдаушы ком­понент ретінде және қар­таю­ға қарсы косметикалық препараттарда қолдануға ұсынылатын болады.

Зерттеу жұмысын орын­дау барысында бұл жұ­мыс­тарға отандық әріп­тес­те­рімізбен қатар, шетелдік серіктестер – Лотарингия уни­верситеті (Франция), Пут­­ра Малайзия универ­си­теті мен Халал өнімдерін зерттеу институтының (Ма­лай­зия) ғалымдары да өз үлестерін қосты. Бұл ын­ты­мақтастық ғылыми тәжірибе алмасуға, әдістемелерді са­­лыстыруға және әлемдік зерттеулерді ескеруге мүм­кіндік берді. Соның арқа­сында жұмыстың ғылыми дең­гейі көтеріліп, нәти­же­лердің тәжірибелік мәні мен болашағы арта түсті.

Бие сүтінен биологиялық белсенді пептидтерді бөліп алу – қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығы мен за­ма­науи жоғары техно­ло­гияның та­бысты тоғысуы.

– Біздің мақсатымыз – халқымыздың денсаулығын жақсартуға қызмет ететін әрі әлемдік нарықта бә­се­кеге қабілетті өнім жасау, – дейді ғалым.

Бір айта кетерлігі, жоба аясында «Бие сүті пеп­тид­тері» құрғақ тағамдық қос­пасына Ұйым стандарты дайындалды. Осы стандарт негізінде авторлық құқық, бірнеше Қазақстан Рес­пуб­ликасының пайдалы мо­дель­­ге патенттер және өнім­­­нің Еуразиялық эко­но­микалық одаққа (ЕАЭО) қолданылатын бірыңғай тех­никалық регла­мент­тер­дің талаптарына сәйкес ке­ле­ті­нін және қауіпсіз екенін рас­тайтын «Кеден одағының техникалық регламентіне сәй­кестік туралы» дек­ла­ра­циясы алынды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының ке­ле­сі қадамы – жобаның зерт­теу нәтижелерін өндірістік дең­гейге жеткізу. Көздеп отырған одан кейінгі мақсат – өнімді отандық және шет­ел­дік нарыққа шығару.

 Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ