- Басты бет
- Жаңалықтар
- Мейрамкүл НАРМҰРАТОВА, профессор: Мақсат – денсаулыққа пайдалы әрі бәсекеге қабілетті өнім жасау
Мейрамкүл НАРМҰРАТОВА, профессор: Мақсат – денсаулыққа пайдалы әрі бәсекеге қабілетті өнім жасау
Мейрамкүл Нармұратова – биология ғылымының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биотехнология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2025» атағының иегері. Сүт биохимиясы мен биотехнологиясы саласының маманы.
Ғылыми қызметі барысында Мейрамкүл Құдыретқызы отандық және халықаралық деңгейдегі 10-нан астам ғылыми жобаның әрі орындаушысы, әрі жетекшісі болды. Оның басшылығымен бие мен түйе сүтінен пробиотикалық өнімдер, лактоферрин және биологиялық белсенді пептидтер алудың инновациялық технологиялары әзірленді. Атап айтқанда «Бие сүтінің сарысу белоктарынан биологиялық белсенді пептидтерді алу биотехнологиясы» (2023-25 жж.) жобасының жетекшісі ретінде бие сүтінің құнды компоненттерін бөліп алу әдістерін жетілдіруде. Ғалымның басшылығымен және өзінің қатысуы нәтижесінде бие мен түйе сүтінен пробиотикалық өнімдер, лактоферрин және биологиялық белсенді пептидтер алу технологиялары әзірленді. Мейрамкүл Нармұратова 60-тан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде Scopus/Web of Science деректер базасына енген мақалалардың авторы, 6 патент пен 2 авторлық куәліктің иегері, Хирш индексі – 7.
Профессор Мейрамкүл Нармұратова Франция, Италия, Малайзия және Қытайдың жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өткен.
– Біз бие сүтінің сарысу белогы – лактоферрин мен оның биологиялық белсенді пептидтерін бөліп алу технологиясына бағытталған жобамен айналысамыз. Лактоферрин – сүт сарысуының құрамында болатын мультифункционалды табиғи белок. Аталған белокты зерттеуге деген ғалымдардың қызығушылығы күн сайын артып келеді. Бие лактоферрині сиыр лактоферриніне қарағанда терең зерттелмеген сарысу белогы. Соңғы кездері жүргізілген зерттеулер бұл бағытта әлі де көп ақпарат жинау керектігін көрсетеді. Сиыр сүті лактоферрині туралы көптеген зерттеу және шолу мақалалар бар. Алайда бие сүті лактоферрині, тіпті басқа да белоктары жөнінде жалпы ақпарат болғанымен, толыққанды зерттеулер жоқ. Сондықтан қазіргі таңда бие сүтінің лактоферрині бірқатар маңызды зерттеулердің нысанына айналды. Ғалымдар оның бірегей қасиеттерін анықтауда, – дейді ол.
Бие сүтінің емдік қасиеті оның құрамындағы лактоферрин, лизоцим және иммуноглобулиндер сияқты биологиялық белсенді заттармен тікелей байланысты. Лактоферрин осы жүйенің маңызды бөлігі болып саналады және оның микробқа, вирусқа қарсы және иммунитетті реттеуші қызметтері бар екені белгілі. Біздің қазақ халқы бие сүтінің шипалық қасиетін ерте заманнан білген, саумал мен қымызды туберкулез, асқазан ауруларына және әлсіздікке қарсы емдік-профилактикалық мақсатта қолданылған. Заманауи ғылым бұл өнімнің құпиясын тереңірек ашуға мүмкіндік береді. Ғылыми қауымдастықтың бие сүтіне деген қызығушылығын бірнеше себептерден көруге болады. Біріншіден, бие сүті құрамы жағынан альбуминді типке жатады. Осы қасиеті оны ана сүтіне жақын етеді. Бұл оның құрамындағы белоктардың адам ағзасына жеңіл сіңетінін және аллергия тудыру қаупі төмен екенін білдіреді. Екіншіден, оның бірегейлігі, яғни бие сүтінің лактоферрині басқа жануарлармен салыстырғанда ерекшеленетін қасиеттерге ие болуы. Мысалы, бие сүтінің ферментативті гидролизаты аллергиялық реакция кезінде қабынуға қарсы цитокиндерді активтендіріп, иммундық жүйеге оң ықпал ететіні анықталған. Бұл оның иммундық жүйені реттеудегі ерекше рөлін көрсетеді. Сонымен қатар жоба аясында бие сүті лактоферриннің бірнеше маңызды пептидтері бөліп алынды. Алынған пептидтердің антимикробтық, антиоксиданттық, металл иондарын байланыстыру қасиеттерін анықтап, антигипертензиялық белсенділігіне болжам жасалды. Болашақта бие сүтінің сарысу белоктары, олардың биологиялық белсенді пептидтері спорттық тағам қоспалары, балалар тағамы, иммунитетті қолдаушы компонент ретінде және қартаюға қарсы косметикалық препараттарда қолдануға ұсынылатын болады.
Зерттеу жұмысын орындау барысында бұл жұмыстарға отандық әріптестерімізбен қатар, шетелдік серіктестер – Лотарингия университеті (Франция), Путра Малайзия университеті мен Халал өнімдерін зерттеу институтының (Малайзия) ғалымдары да өз үлестерін қосты. Бұл ынтымақтастық ғылыми тәжірибе алмасуға, әдістемелерді салыстыруға және әлемдік зерттеулерді ескеруге мүмкіндік берді. Соның арқасында жұмыстың ғылыми деңгейі көтеріліп, нәтижелердің тәжірибелік мәні мен болашағы арта түсті.
Бие сүтінен биологиялық белсенді пептидтерді бөліп алу – қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығы мен заманауи жоғары технологияның табысты тоғысуы.
– Біздің мақсатымыз – халқымыздың денсаулығын жақсартуға қызмет ететін әрі әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім жасау, – дейді ғалым.
Бір айта кетерлігі, жоба аясында «Бие сүті пептидтері» құрғақ тағамдық қоспасына Ұйым стандарты дайындалды. Осы стандарт негізінде авторлық құқық, бірнеше Қазақстан Республикасының пайдалы модельге патенттер және өнімнің Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қолданылатын бірыңғай техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келетінін және қауіпсіз екенін растайтын «Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкестік туралы» декларациясы алынды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының келесі қадамы – жобаның зерттеу нәтижелерін өндірістік деңгейге жеткізу. Көздеп отырған одан кейінгі мақсат – өнімді отандық және шетелдік нарыққа шығару.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ
Басқа жаңалықтар