ТДМ №13: «Sustainable Development Practices: The Experience of Al-Farabi Kazakh National University» дәрісі өттіFarabi University
Референдум 15 марта

ТДМ №13: «Sustainable Development Practices: The Experience of Al-Farabi Kazakh National University» дәрісі өтті

6 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уиверситетінде 6 ақпан күні филология факультеті «Шетел филологиясы (батыс тілдері)» мамандығының 1-курс студенттерімен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Аталған іс-шара азаматтық-патриоттық тәрбие беру және тұрақты дамудың экологиялық бағытын насихаттау аясында «Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы» мен Халықаралық қазақ-неміс-қытай қолданбалы микробиология зертханасының бірлескен бастамасымен өтті.

Кездесудің басты мақсаты – Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының бірі саналатын ТДМ 13 «Климаттың өзгеруімен күрес» бағытын жүзеге асыру, антропогендік әсерді азайтуға назар аудару және жастардың экологиялық жауапкершілік санасын қалыптастыру болды.

Іс-шара барысында Халықаралық қазақ-неміс-қытай қолданбалы микробиология зертханасының ғылыми қызметкері Алан Аймағамбетов Қазақстандағы өзекті экологиялық мәселелер мен табиғи экожүйелердің ерекшеліктері жөнінде баяндама жасап, климаттық және экологиялық қауіптердің алдын алуға бағытталған ҚазҰУ-дың ғылыми-қолданбалы жобаларын таныстырды.

Талқылау кезінде көмірді биоконверсиялау, көмірқышқыл газы, метан және басқа да парниктік газдардың қоршаған ортаға әсерін төмендету жолдары, микроағзалар мен микробалдырларды экологиялық технологияларда қолдану мүмкіндіктері, сондай-ақ топырақты қалпына келтіру мен өндірістік ықпалды азайтуға арналған ғылыми әдістер сөз болды. Пікір алмасу барысында студенттердің қазіргі заманғы экологиялық зерттеулер мен ғылыми жаңалықтардың практикалық маңыздылығына үлкен қызығушылық танытқаны байқалды.

Кездесудің негізгі бөлімі аяқталғаннан кейін студенттер экология және биоалуантүрлілік институтының зертханаларына экскурсия жасады. Онда оларға топырақ, көмір, түрлі материалдар мен өндірістік шығарындыларды зерттеуге арналған заманауи талдау құралдары мен зертханалық жабдықтар көрсетіліп, көмірді биологиялық өңдеу, аммиак шығарындыларын азайту, көміртек ізін анықтау және экологиялық технологияларды дамыту бағытындағы ғылыми жобалар таныстырылды.

Өткізілген шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің климаттық және экологиялық мәселелерді шешуге, сондай-ақ тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруға қосып отырған үлесін айқын көрсетті.