Студенттер қайырымдылық жәрмеңкесінде игі іске үлес қосты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Жастар ұйымдары комитетінің «Көмек» қоғамдық қоры қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының алдында ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, жастар арасында еріктілік мәдениетін қалыптастыру.
Жәрмеңке барысында студенттер мен еріктілер сауда жасап, өз шығармашылықтарын паш етті. Сөрелерге студенттер өз қолымен дайындаған тағамдар мен тәттілер, сондай-ақ түрлі қолөнер бұйымдары қойылды.

Университет оқытушылары мен білім алушылары бастамаға белсенді атсалысып, өнімдерді сатып алу арқылы қайырымдылық қоржынын толтырды. Жиналған барлық қаражат көмекке мұқтаж жандардың қажеттілігіне жұмсалады.

Бұл қайырымдылық жәрмеңкесі БҰҰ-ның бірнеше Тұрақты даму мақсаттарымен тығыз байланысты. Атап айтқанда: кедейлікті жою (1-ші мақсат), әлеуметтік және экономикалық теңсіздікті азайту (10-шы мақсат), сондай-ақ жаһандық тұрақты даму мақсаттарына жету үшін серіктестік пен ынтымақтастықты нығайту (17-ші мақсат) бағыттарына тікелей үлес қосады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастарды ортақ игілікке жұмылдырып, олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырады.
«Көмек» қоры алдағы уақытта да еріктілер қозғалысын кеңейтіп, әлеуметтік жобаларды жалғастыра бермек.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар