Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында жарты ғасырға жуық уақыт табанды еңбек етіп келе жатқан химия ғылымының докторы, профессор Әлия Оспанованың 75 жас мерейтойы – ғылымға арналған саналы ғұмырдың жарқын белесі.
Шығыс Қазақстанның топырағында дүниеге келген Әлия Қапанқызы 1975 жылы ҚазМУ-дың химия факультетін үздік тамамдап, үлкен ғылым жолына нық қадам басты. Сол сәттен бері оның тағдыры университетпен біте қайнасып келеді. Тағылымгерден профессорға дейінгі кәсіби жол – тек қызмет сатыларының ауысуы емес, үздіксіз ізденіс пен өзін-өзі шыңдаудың айғағы. 2003 жылы докторлық диссертациясын қорғап, кейін профессор атағын иеленуі – сол қажырлы еңбектің заңды нәтижесі.
Профессор Әлия Оспанованың ғылыми ізденістері физикалық және координациялық химияның терең теориялық негіздерін нақты қолданбалы нәтижелермен ұштастыруымен ерекшеленеді. Ол күрделі координациялық қосылыстар синтезінің физика-химиялық заңдылықтарын жүйелі зерттеп, олардың құрылымы мен қасиеттері арасындағы өзара байланысты айқындады. Ғалым еңбегі зертханалық деңгейде ғана шектелмей, практикалық маңызға ие шешімдерге ұласты: радиоактивті және ауыр металл иондарымен ластанған ағын суларды тазартуға арналған полиадсорбенттер әзірлеу, медициналық-биологиялық бұйымдарға арналған антибактериялық жабындар жасау – іргелі ғылым мен қоғам сұранысын тоғыстырған нақты бағыттар.
Соңғы жылдары профессор Әлия Қапанқызы Фараби химия ғылымдары кластері аясында ғылыми командасымен бірге «ChemMed» зертханасын құрып, университетте жаңа деңгейдегі ғылыми ортаның қалыптасуына негіз қалады. Бұл – құрылымдық бірлік қана емес, ғылыми идея мен тәжірибе тоғысқан интеллектуалдық алаң. Мұнда көпқабатты молекулалық жинақтау әдісі арқылы бактерияға қарсы жабындар әзірлеу, қазақстандық каолин негізінде функционалды композиттік материалдар алу, медициналық-биологиялық мақсаттағы гемостатикалық жүйелердің физикалық-химиялық негіздерін айқындау бағытында жүйелі зерттеулер жүргізілуде.
Зертхана жас зерттеушілер үшін нақты ғылыми мектепке айналды: олар тәжірибе мәдениетін меңгеріп, дербес ойлау мен нәтижеге жауапкершілік қағидаларын бойына сіңіреді. «ChemMed» зертханасы іргелі ғылым мен қолданбалы шешімдерді ұштастырып, университет ғылымының қоғам сұранысына қызмет етуінің жарқын үлгісін көрсетіп отыр.
Профессор Әлия Қапанқызының ғылыми мұрасы – құрғақ сандармен өлшенетін көрсеткіш қана емес, тұтас бір ғылыми мектептің қалыптасу тарихы. Оның қоржынында ондаған патент, халықаралық және республикалық басылымдардағы еңбектер бар.
Әлия Қапанқызы – ғылым адамы ғана емес, ұстаздық болмысты жүрекпен сезінетін тұлға. Ол білім беру стандарттарын әзірлеуге, оқу-әдістемелік жұмыстарды жетілдіруге белсене араласып, жас әріптестеріне бағыт-бағдар беріп келеді. Ұстаздықтың шынайы өлшемі – шәкірт жүрегінде қалдырған ізі десек, осы тұрғыда Әлия Қапанқызының еңбегі айрықша. Еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды: «Үздік университет оқытушысы» атағы, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісі, ғылым мен техниканың дамуына қосқан үлесі үшін берілген мемлекеттік стипендия – соның айғағы.
Профессор Әлия Оспанованың өмір жолы – табандылықтың, ғылымға адалдықтың, ұстаздық жауапкершіліктің үлгісі. 75 жылдық мерейтойы – бір адамның ғана емес, тұтас ғылыми буынның мерекесі. Оның еңбегі мен өнегесі университет қабырғасындағы талай жасқа шабыт беріп, отандық ғылымның дамуына әлі де қызмет ете беретіні сөзсіз.
Балжан САВДЕНБЕКОВА,
Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының аға оқытушысы, PhD
Басқа жаңалықтар