Ғылымға арналған ғұмырFarabi University

Ғылымға арналған ғұмыр

17 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында жарты ға­сырға жуық уақыт табанды еңбек етіп келе жатқан химия ғы­лымының докторы, профессор Әлия Оспанованың 75 жас мерейтойы – ғылымға арналған саналы ғұмырдың жарқын белесі.

Шығыс Қазақстанның то­пы­­рағында дүниеге келген Әлия Қапанқызы 1975 жылы ҚазМУ-дың химия факультетін үздік тамамдап, үлкен ғылым жолына нық қадам басты. Сол сәттен бері оның тағдыры университетпен біте қайнасып келеді. Тағылымгерден про­фес­­сорға дейінгі кәсіби жол – тек қызмет сатыларының ауы­суы емес, үздіксіз ізденіс пен өзін-өзі шыңдаудың айғағы. 2003 жылы докторлық дис­сер­тациясын қорғап, кейін про­фес­сор атағын иеленуі – сол қа­жырлы еңбектің заңды нә­тижесі.

Профессор Әлия Оспа­но­ва­ның ғылыми ізденістері фи­зи­калық және коор­ди­на­ция­лық химияның терең теориялық негіздерін нақты қолданбалы нәтижелермен ұштастыруымен ерекшеленеді. Ол күрделі коор­динациялық қосылыстар синтезінің физика-химиялық заңдылықтарын жүйелі зерт­теп, олардың құрылымы мен қасиеттері арасындағы өзара байланысты айқындады. Ға­лым еңбегі зертханалық дең­гей­де ғана шектелмей, прак­ти­калық маңызға ие шешімдерге ұласты: радиоактивті және ауыр металл иондарымен лас­т­анған ағын суларды тазартуға арналған полиадсорбенттер әзірлеу, медициналық-биоло­гия­лық бұйымдарға арналған антибактериялық жабындар жасау – іргелі ғылым мен қоғам сұранысын тоғыстырған нақты бағыттар.

Соңғы жылдары профессор Әлия Қапанқызы Фараби хи­мия ғылымдары кластері ая­сында ғылыми командасымен бір­ге «ChemMed» зертханасын құрып, университетте жаңа деңгейдегі ғылыми ортаның қалыптасуына негіз қалады. Бұл – құрылымдық бірлік қана емес, ғылыми идея мен тә­жі­рибе тоғысқан интеллек­туал­дық алаң. Мұнда көпқа­бат­ты молекулалық жинақтау әдісі ар­қылы бактерияға қарсы жа­бындар әзірлеу, қазақ­стан­дық каолин негізінде функцио­нал­ды композиттік материал­дар алу, ме­ди­ци­на­лық-биоло­гия­лық мақсаттағы гемос­та­ти­калық жүйелердің физикалық-хи­миялық негіздерін айқындау бағытында жүйелі зерттеулер жүргізілуде.

Зертхана жас зерттеушілер үшін нақты ғылыми мектепке айналды: олар тәжірибе мәде­ние­тін меңгеріп, дербес ойлау мен нәтижеге жауапкершілік қағидаларын бойына сіңіреді. «ChemMed» зертханасы іргелі ғылым мен қолданбалы ше­шім­­дерді ұштастырып, уни­вер­ситет ғылымының қоғам сұра­нысына қызмет етуінің жарқын үлгісін көрсетіп отыр.

Профессор Әлия Қапан­қы­зының ғылыми мұрасы – құрғақ сандармен өлшенетін көр­сет­кіш қана емес, тұтас бір ғы­лы­ми мектептің қалыптасу та­ри­хы. Оның қоржынында ондаған патент, халықаралық және республикалық басылым­дар­да­ғы еңбектер бар.

Әлия Қапанқызы – ғылым ада­мы ғана емес, ұстаздық болмысты жүрекпен сезінетін тұлға. Ол білім беру стан­дарт­тарын әзірлеуге, оқу-әдіс­те­мелік жұмыстарды жетіл­ді­руге белсене араласып, жас әріптестеріне бағыт-бағдар беріп келеді. Ұстаздықтың шы­найы өлшемі – шәкірт жү­ре­гінде қалдырған ізі десек, осы тұрғыда Әлия Қапанқызының еңбегі айрықша. Еңбегі мем­ле­кет тарапынан да лайықты бағаланды: «Үздік университет оқытушысы» атағы, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісі, ғылым мен техниканың дамуына қосқан үлесі үшін берілген мемлекеттік сти­пен­дия – соның айғағы.

Профессор Әлия Оспа­но­ваның өмір жолы – табан­ды­лықтың, ғылымға адалдықтың, ұстаздық жауапкершіліктің үл­гісі. 75 жылдық мерейтойы – бір адамның ғана емес, тұтас ғылыми буынның мерекесі. Оның еңбегі мен өнегесі уни­вер­ситет қабырғасындағы та­лай жасқа шабыт беріп, отан­дық ғылымның дамуына әлі де қызмет ете беретіні сөзсіз. 

Балжан САВДЕНБЕКОВА,

Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының аға оқытушысы, PhD