Жылына қанша кітап оқисыз?Farabi University

Жылына қанша кітап оқисыз?

12 наурыз, 2026

Бүкіл әлем бойынша 12,4 миллионнан астам оқырманы бар Сeoworld бизнес-басылымының сауалнамасына сәйкес, Қазақ­стан көп оқитын елдердің қатарына жатпайды. 2024 жылғы рей­тингте біз 102 мемлекет арасында 95-орынға ие болдық, онда 6,5 млн адам сауалнамаға қатысқан. Ranking.kz.талдау порталының деректері бойынша, бір жыл ішінде әрбір қазақстандық үш кітапты да оқи алмады: барлығы 2,77 кітап. Қазақстан Алжир мен Ирак арасында орналасқан, Алжирде тұрғындар жылына орта есеппен 2,83 кітап оқыды, Ирак та, Қазақстан да орта есеппен 2,77 кітап оқыды. Сонымен қатар Қазақстан көршілес Орталық Азия елдерінен де артта қалды. Олардың арасында Тәжікстан (4,01 кітап), одан кейін Қырғызстан (3,96 кітап) және Түрікменстан (3,18 кітап) көш бастады. Өзбекстан рейтингте болмады (ресми емес мәліметтер бойынша жылына 1 кітап, 30-жылдарға дейін 10 кітапқа жеткізу жоспарланған, осыған орай түрлі шаралар қарастырылған, тіпті кітап оқыған қылмыскерлердің жазасын жеңілдету сияқты).

Ауғанстанда ең аз кітап оқылды (жылына орта есеппен әр тұрғынға 2,56 кітап), Бруней (2,59 кітап) мен Пәкістанның да көрсеткіші (2,66 кітап) бізден кейін екен. Ресей 2024 жылы әр тұрғынға шаққанда ор­та­ша есеппен оқылған 10 кітап ар­қы­лы үздік 10 оқырман еліне енді. Бұл көрсеткіш Қазақстанмен салыс­тыр­­ғанда төрт есе көп. Ең көп оқи­тын елдер АҚШ пен Үндістан болды: сәйкесінше 17 және 16 кітап. Одан кейін Ұлыбритания (15 кітап), Фран­ция (14 кітап), Италия (13 кітап), Канада (12 кітап), Ресей, Австралия (10 кітап), Испания (9 кітап) және Нидерланды (8 кітап) болды.

Әрбір қазақстандық кітап оқуға жылына 65 сағат немесе аптасына 1 сағаттан астам уақыт жұмсаған. Салыстыру үшін: Тәжікстанда көр­сеткіш жылына 89 сағатты, Қыр­ғызстанда – 87 сағатты, Түрік­мен­станда – 74 сағатты құрады. Ау­ғанстан тұрғындары кітап оқуға тіптен аз уақыт жұмсады: тек 58 сағат, бұл Қазақстанға қарағанда жылына небәрі 7 сағатқа аз. Ең көп оқитын ел АҚШ-та – әр тұрғын орта есеппен жылына 357 сағат кітап оқуға жұмсады. Одан кейін Үндістан (352 сағат), Ұлыбритания (343 сағат), Франция (305 сағат) және Ита­лия (278 сағат) келеді. Қазақ­стан­мен көршілес Ресейде кітап оқуға жылына орта есеппен 223 сағат жұмсалды – бұл ҚР-ға қара­ған­да 3,4 есе ұзағырақ. Жалпы, әлемде халықтың 77 пайызы кітап оқуға қызығушылық танытады. Оның ішінде оқу бағдарламалары аясында кітап оқуды қажет ететін оқушылар мен студенттер бар. Олардың тек 9 пайызы электронды кітаптар мен аудиокітаптарды жақ­сы көреді. Барлық уақыттағы ең көп оқылатын кітаптар – Киелі кітап пен Құран. Барлық уақытта ең көп оқы­латын кітаптар тізіміне «Гарри Пот­тер» кітаптар сериясы, «Мао дәйек­сөзі» және «Сақиналар әміршісі» дәйек­сөздер жинағы кірді. Рей­тинг­ке сәйкес, Гарри Поттер серия­сын­дағы жеті кітапты игеру үшін қазақстандыққа орташа 2,5 жыл қажет болады.

Қазақстанда да кейінгі жылдары кітап шығару, оны тарату шаралары қарастырыла бастады: мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптар шы­ға­руды қолға алды. Оған мысал ре­тін­де «100 кітап» жобасын айтуға болады.

Былай қарасаңыз, жылына 10 кітап оқу оңай сияқты көрінгенмен, оған жету үшін сіз бен бізге мем­ле­кет те қанша жұмыс жасау керек еке­нін көз алдыңызға елестетіп кө­ріңіз және бүгіннен бастап бір кітап­ты оқуды бастаңыз. Жас болсаңыз ақылыңызға ақыл қо­сы­лады, білі­міңізге білім қосылады, қарт кісі бол­саңыз ұмытшақ­ты­ғыңыз азая­ды, уақытыңыз мәнді өтеді.

Не істеу керек? Жылына ең болмаса 5-6 кітап оқуға жету үшін мемлекет, жеке азамат болып бір­қа­тар шараларды іске асыруымыз керек. Кітапханаларды қалпына келтіру және олардың кітап қорын молайту. Кітап шығаруды ынта­лан­дыру: өзекті көркем және басқа да әдебиеттерді қазақ тіліне аударып шығаруға қолдау көрсету. Кітап оқуды насихаттау: жаппай кітап фес­тивальдерін өткізу, кітап клуб­та­рын құру, танымал тұлғаларды, бло­гер­лерді кітап оқуды насихат­тау­ға белсенді тарту. Ең бастысы, мектеп оқушыларында кітап оқу дәстүрін қалыптастыру: оқуға қы­зы­ғушылық мектептен басталуы керек. 

Тұрғара ТҮСЕЕВ, 

Жылу физикасы және жылу техникасы

кафедрасының қауымдастырылған профессоры