Бүкіл әлем бойынша 12,4 миллионнан астам оқырманы бар Сeoworld бизнес-басылымының сауалнамасына сәйкес, Қазақстан көп оқитын елдердің қатарына жатпайды. 2024 жылғы рейтингте біз 102 мемлекет арасында 95-орынға ие болдық, онда 6,5 млн адам сауалнамаға қатысқан. Ranking.kz.талдау порталының деректері бойынша, бір жыл ішінде әрбір қазақстандық үш кітапты да оқи алмады: барлығы 2,77 кітап. Қазақстан Алжир мен Ирак арасында орналасқан, Алжирде тұрғындар жылына орта есеппен 2,83 кітап оқыды, Ирак та, Қазақстан да орта есеппен 2,77 кітап оқыды. Сонымен қатар Қазақстан көршілес Орталық Азия елдерінен де артта қалды. Олардың арасында Тәжікстан (4,01 кітап), одан кейін Қырғызстан (3,96 кітап) және Түрікменстан (3,18 кітап) көш бастады. Өзбекстан рейтингте болмады (ресми емес мәліметтер бойынша жылына 1 кітап, 30-жылдарға дейін 10 кітапқа жеткізу жоспарланған, осыған орай түрлі шаралар қарастырылған, тіпті кітап оқыған қылмыскерлердің жазасын жеңілдету сияқты).
Ауғанстанда ең аз кітап оқылды (жылына орта есеппен әр тұрғынға 2,56 кітап), Бруней (2,59 кітап) мен Пәкістанның да көрсеткіші (2,66 кітап) бізден кейін екен. Ресей 2024 жылы әр тұрғынға шаққанда орташа есеппен оқылған 10 кітап арқылы үздік 10 оқырман еліне енді. Бұл көрсеткіш Қазақстанмен салыстырғанда төрт есе көп. Ең көп оқитын елдер АҚШ пен Үндістан болды: сәйкесінше 17 және 16 кітап. Одан кейін Ұлыбритания (15 кітап), Франция (14 кітап), Италия (13 кітап), Канада (12 кітап), Ресей, Австралия (10 кітап), Испания (9 кітап) және Нидерланды (8 кітап) болды.
Әрбір қазақстандық кітап оқуға жылына 65 сағат немесе аптасына 1 сағаттан астам уақыт жұмсаған. Салыстыру үшін: Тәжікстанда көрсеткіш жылына 89 сағатты, Қырғызстанда – 87 сағатты, Түрікменстанда – 74 сағатты құрады. Ауғанстан тұрғындары кітап оқуға тіптен аз уақыт жұмсады: тек 58 сағат, бұл Қазақстанға қарағанда жылына небәрі 7 сағатқа аз. Ең көп оқитын ел АҚШ-та – әр тұрғын орта есеппен жылына 357 сағат кітап оқуға жұмсады. Одан кейін Үндістан (352 сағат), Ұлыбритания (343 сағат), Франция (305 сағат) және Италия (278 сағат) келеді. Қазақстанмен көршілес Ресейде кітап оқуға жылына орта есеппен 223 сағат жұмсалды – бұл ҚР-ға қарағанда 3,4 есе ұзағырақ. Жалпы, әлемде халықтың 77 пайызы кітап оқуға қызығушылық танытады. Оның ішінде оқу бағдарламалары аясында кітап оқуды қажет ететін оқушылар мен студенттер бар. Олардың тек 9 пайызы электронды кітаптар мен аудиокітаптарды жақсы көреді. Барлық уақыттағы ең көп оқылатын кітаптар – Киелі кітап пен Құран. Барлық уақытта ең көп оқылатын кітаптар тізіміне «Гарри Поттер» кітаптар сериясы, «Мао дәйексөзі» және «Сақиналар әміршісі» дәйексөздер жинағы кірді. Рейтингке сәйкес, Гарри Поттер сериясындағы жеті кітапты игеру үшін қазақстандыққа орташа 2,5 жыл қажет болады.
Қазақстанда да кейінгі жылдары кітап шығару, оны тарату шаралары қарастырыла бастады: мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптар шығаруды қолға алды. Оған мысал ретінде «100 кітап» жобасын айтуға болады.
Былай қарасаңыз, жылына 10 кітап оқу оңай сияқты көрінгенмен, оған жету үшін сіз бен бізге мемлекет те қанша жұмыс жасау керек екенін көз алдыңызға елестетіп көріңіз және бүгіннен бастап бір кітапты оқуды бастаңыз. Жас болсаңыз ақылыңызға ақыл қосылады, біліміңізге білім қосылады, қарт кісі болсаңыз ұмытшақтығыңыз азаяды, уақытыңыз мәнді өтеді.
Не істеу керек? Жылына ең болмаса 5-6 кітап оқуға жету үшін мемлекет, жеке азамат болып бірқатар шараларды іске асыруымыз керек. Кітапханаларды қалпына келтіру және олардың кітап қорын молайту. Кітап шығаруды ынталандыру: өзекті көркем және басқа да әдебиеттерді қазақ тіліне аударып шығаруға қолдау көрсету. Кітап оқуды насихаттау: жаппай кітап фестивальдерін өткізу, кітап клубтарын құру, танымал тұлғаларды, блогерлерді кітап оқуды насихаттауға белсенді тарту. Ең бастысы, мектеп оқушыларында кітап оқу дәстүрін қалыптастыру: оқуға қызығушылық мектептен басталуы керек.
Тұрғара ТҮСЕЕВ,
Жылу физикасы және жылу техникасы
кафедрасының қауымдастырылған профессоры
Басқа жаңалықтар