ҚазҰУ-ға Эстония делегациясы келді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Эстонияның білім беру саласы өкілдерінен құралған делегация арнайы сапармен келді. Делегация құрамында Таллинн қаласының мектеп директорлары мен мұғалімдері бар.
Құрметті қонақтарды ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов қабылдады. Проректор өз сөзінде ҚазҰУ-дың халықаралық білім кеңістігіндегі орнына тоқталып, университеттің QS WUR рейтингінде әлемнің үздік 200 ЖОО қатарына кіретінін және Орталық Азияда көш бастап тұрғанын атап өтті.

«Бүгінде ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану жолында. Қазіргі таңда оқу орнында 55 елден келген 7 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда. Еуропа мен Азияның жетекші университеттерімен бірлескен 60 қосдипломды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Біз жаңа бастамаларға әрқашан ашықпыз және Эстонияның жоғары оқу орындарымен серіктестікті дамытуға ниеттіміз», – деді Марғұлан Ибраимов.

Делегация басшысы, Таллинн қаласы әкімінің орынбасары әрі Білім департаментінің басшысы Андрей Канте академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында педагогтермен алмасуға қызығушылық білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Эстония жоғары білім сапасын арттыру мәселесінде ортақ мүдделерге ие.

Ресми кездесуден кейін қонақтар үшін кампус-тур ұйымдастырылды. Делегация мүшелері университеттің заманауи инфрақұрылымымен танысып, ҚазҰУ мұражайында болды. Онда қонақтар қара шаңырақтың қалыптасу тарихы мен көрнекті түлектері туралы тың ақпараттарға қанықты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар