«Ұлттық сәннің жаңғыруы: ҚазҰУ-дағы этно-стиль үлгілері»Farabi University

«Ұлттық сәннің жаңғыруы: ҚазҰУ-дағы этно-стиль үлгілері»

18 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Бас мұражайында Наурызнама онкүндігі аясында 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай «Қазақи киім – ұлт мәдениетінің айнасы» атты ұлттық киімдер таныстырылымы өтті.

Іс-шара барысында отандық дизайнерлердің «Анар сән» және «Алаша» топтамалары ұсынылып, қазақы нақыштағы киімдердің заманауи сәнмен үйлесімі көрсетілді. Қатысушылар ұлттық киімдердің жасалу ерекшеліктерімен және ою-өрнектердің мазмұнымен танысты. Сонымен қатар, ұлттық киімдер көрмесі ұйымдастырылып, дәстүрлі үлгілер көпшілік назарына ұсынылды. Көрме келушілерге қазақ халқының бай мәдени мұрасын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Іс-шара аясында халықаралық деңгейде танымал дизайнер Раушан Ануарбекова студенттерге арналған дефиле бойынша арнайы шеберлік сабағын өткізді. Ол өз шығармашылығында ұлттық нақышты заманауи сәнмен үйлестіріп, халықаралық сән алаңдарында, соның ішінде Paris және Milan Fashion Week көрсетілімдеріне қатысып жүрген дизайнер ретінде кеңінен танымал. Дизайнер шеберлік сабағында өз тәжірибесімен бөлісіп, ұлттық стильді қазіргі сән индустриясымен ұштастырудың қыр-сырын түсіндірді.

Шеберлік сабағы барысында студенттер подиумда өзін ұстау мәдениеті, жүріс техникасы және сахналық образ қалыптастырудың қыр-сырын меңгерді. Қатысушылар белсенділік танытып, жаңа білім мен тәжірибе алып, іс-шараға қатысқандарына жоғары қызығушылық білдірді.

Аталған іс-шара Наурызнама аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жастардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Шара соңында Әлеуметтік-тәрбие департаментінің директоры Есімова Жұлдыз Дәпенқызы «Алаша» топтамасының авторы дизайнер Раушан Абдуллақызы мен «Анар сән» топтамасының авторы Анаргүл Жаманқұлқызына ұлттық сән үлгісін дамытуға және қазақы нақышты жаңғыртуға қосқан үлестері үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың Алғыс хатын табыстады.