Ғылыми жарияланым деңгейін дамытуға бағытталған кезекті семинар-тренинг өтті
Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің бастамасымен университетте ғылыми жарияланым деңгейін көтеруге бағытталған кезекті мазмұнды іс-шара өтті.
2026 жылғы 27 наурызда Әл-Фараби Ғылыми кітапханасында «Сәтті жарияланымға жету жолы және ғылыми ынтымақтастықты іздеу» және «Scopus дерекқорында индекстелетін журналға манускрипт дайындау» тақырыптарын қамтыған семинар-тренинг ұйымдастырылды.

Іс-шара спикері ретінде Орталық Азия аймағы бойынша Informascope компаниясының консультанты Рабиға Қожамқұл шақырылды. Семинар-тренинг спикері ғылыми мақаланы жариялаудың негізгі кезеңдеріне тоқталып, сапалы зерттеу нәтижесін тиімді ұсыну жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар халықаралық әріптестермен байланыс орнату, бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері және академиялық желілерді дұрыс пайдалану тәсілдері кеңінен талқыланды.
Семинар барысында қатысушыларға Scopus дерекқорында индекстелетін журналдарға мақала дайындаудың талаптары, құрылымы және рәсімдеу ерекшеліктері егжей-тегжейлі таныстырылды. Авторлар үшін маңызды аспектілер – журнал таңдау, манускрипт сапасын арттыру, рецензиялау үдерісіне дайындық мәселелері де назардан тыс қалмады.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар ғылыми жарияланым жасаудың өзекті қадамдарымен танысып, өз зерттеулерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге қажетті маңызды ақпарат алды.