«Гендерлік теңдік: әйел құндылығы»Farabi University

«Гендерлік теңдік: әйел құндылығы»

12 наурыз, 2026

ТДМ 5 бағытына сәйкес қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының оқытушысы, ф.ғ.д., профессор Өмірхан Әбдиманұлы және ф.ғ.д. Гүлжан Жамбылқызы Болатова жетекшілігімен наурыздың 12-і күні «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс докторанты Абдраманова Перизат «Гендерлік теңдік: әйел құндылығы» тақырыбында ашық тәрбие сағатын дебат форматында өткізді. Бұл пікірталастың негізгі мақсаты – студенттерге гендерлік теңдік ұғымының мәнін терең түсіндіру, қоғамдағы әйелдің рөлі мен құндылығын бағалауға бағыт беру, әйел құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін насихаттау. Сонымен қатар, жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту, өз көзқарасын дәлелді түрде жеткізе білуге үйрету және гендерлік мәдениетті қалыптастыру көзделді. Дебат барысында студенттер қоғамдағы стереотиптерді талқылап, әйелдің әлеуметтік, мәдени және рухани өмірдегі орнын құрметтеуге, теңдік пен әділеттілік қағидаларын ұстануға тәрбиеленді. Пікірталас жоғары деңгейде ұйымдастырылып, екі команда – Үкімет және Оппозиция топтары өзара тартысты ой жарыстырды. Әр топтан үш спикер қатысып, олар өз ұстанымдарын нақты дәлелдер мен өмірлік мысалдар арқылы қорғады. Қатысушылар әйелдің қоғамдағы, отбасындағы және кәсіби ортадағы орнын жан-жақты талдап, гендерлік теңдік мәселесінің өзектілігін айқын көрсетті. Дебат барысында қатысушылар заңдық негіздерге сүйене отырып, нақты статистикалық деректер мен әлеуметтік мысалдарды келтірді. Әлемдік тәжірибе мен қазіргі қоғамдағы өзгерістерді салыстыра отырып, әйелдің білім алу, еңбек ету, өзін-өзі дамыту мүмкіндіктері кеңейгенімен, әлі де шешімін қажет ететін мәселелер бар екені айтылды. Пікірталас ерекше белсенділікпен өтті. Студенттер өз ойларын еркін жеткізіп, қарсы тараптың пікіріне сыни тұрғыдан жауап берді. Әрбір спикердің сөзі мазмұнды, дәлелді әрі логикалық тұрғыдан жүйелі болды. Бұл өз кезегінде қатысушылардың дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Дебат соңында қатысушылар әйелдің қоғамдағы орны тек отбасы аясымен шектелмейтінін, оның білімді, білікті маман, белсенді азамат ретінде қалыптасуы маңызды екендігі жөнінде ортақ тұжырымға келді. Сонымен қатар гендерлік теңдік – тек әйел мәселесі емес, ол бүкіл қоғамның дамуына әсер ететін маңызды құндылық екені атап өтілді.Ашық тәрбие сағатына пән жетекшісі Өмірхан Әбдиманұлы және педагогикалық практика жетекшісі Гүлжан Жамбылқызы Болатова қатысып, дебат соңында өз пікірлерімен бөлісті. Олар студенттердің белсенділігі мен ойлау деңгейін жоғары бағалап, мұндай іс-шаралардың болашақ мамандарды қалыптастырудағы маңызын ерекше атап өтті.Қорытындылай келе, мұндай пікірталас форматындағы тәрбиелік шаралар студенттердің еркін сөйлеу қабілетін арттырып қана қоймай, олардың сыни ойлау, дәлелді пікір айту, өз көзқарасын қорғау дағдыларын дамытады. Сонымен қатар жастардың қоғамдық мәселелерге бейжай қарамай, саналы азамат ретінде қалыптасуына ықпал етеді.