ҚазҰУ «Жер сағаты» жаһандық экологиялық акциясына қатыстыFarabi University

ҚазҰУ «Жер сағаты» жаһандық экологиялық акциясына қатысты

28 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кезекті рет дүниежүзілік «Жер сағаты» акциясына қатысты. 

Биыл іс-шара «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өтті. Акция барысында жергілікті сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін университет бас ғимаратының сыртқы сәндік жарығы  уақытша сөндірілді. 

Бұл шара – табиғатты қорғауға, климаттың өзгеруіне назар аудартуға және энергия ресурстарын үнемдеуге бағытталған әлемдегі ең ірі экологиялық қозғалыстардың бірі. ҚазҰУ еліміздің жетекші жоғары оқу орны ретінде Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға белсенді атсалысып келеді.

Айта кетейік, биыл бұл халықаралық бастама әлемде 19-шы рет, ал Қазақстанда 17-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі