Бұхарада «Әл-Фараби» орталығы ашыладыFarabi University

Бұхарада «Әл-Фараби» орталығы ашылады

30 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Бұхара мемлекеттік университетінің ректоры Обиджон Хамидовпен кездесу өткізді.

Жүздесу барысында тараптар екіжақты әріптестікті жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейтін стратегиялық Жол картасына қол қойды.

Аталған құжат бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыруға, сондай-ақ академиялық ұтқырлық аясында студенттер мен оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуына кең жол ашады.

Кездесудің маңызды жаңалығы ретінде Жансейіт Түймебаев Бұхара мемлекеттік университеті базасында «Әл-Фараби» ғылыми-білім беру орталығын құру туралы бастама көтерді. Бұл орталық ұлы ойшылдың мұрасын дәріптеп, түркі халықтарының ортақ құндылықтарын зерттейтін және заманауи ғылымды дамытатын бірегей алаңға айналмақ.

Өз кезегінде ректор Обиджон Хамидов бұл идеяны толық қолдайтынын және ҚазҰУ-мен байланысты тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша қос тарап барлық ұсыныстарды іс жүзіне асыру үшін арнайы бірлескен жұмыс тобын құруға уағдаласты.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі