Әйгілі репродуктолог Вячеслав Локшин ҚазҰУ-да дәріс оқыдыFarabi University

Әйгілі репродуктолог Вячеслав Локшин ҚазҰУ-да дәріс оқыды

1 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп жатқан Ғылым апталығы аясында медицина саласындағы көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА академигі Вячеслав Нотанович Локшин дәріс оқыды.

«Репродуктивті медицинаның заманауи мүмкіндіктері» тақырыбындағы жиынды университеттің Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ашты. Ол Вячеслав Локшиннің отандық денсаулық сақтау жүйесін қалыптастырудағы айрықша рөліне тоқталып, оны ғылымдағы жаңа бағыттардың негізін қалаушы ретінде таныстырды.

Академик В.Локшин Халықаралық «Persona» клиникалық репродуктология орталығының басшысы және ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің мүшесі. 215-тен астам ғылыми еңбек пен 7 патенттің авторы ғана емес, ол Қазақстанда тәжірибелік дәрігерлердің бірегей мектебін қалыптастырған тұлға.

«Профессор В.Н.Локшин ғылымдағы жаңа бағыт – репродуктивтік медицина мен қосалқы репродуктивтік технологиялардың бастауында тұрды. Ол онкологиялық науқастардың репродуктивтік әлеуетін сақтауға бағытталған жаңа медициналық саланы – онкофертильділікті қалыптастырды. Осы еңбегі үшін «Ресейдің үздік дәрігері» жоғары марапатына ие болды», – деді проректор.

Дәріс барысында ғалым репродуктивтік медицинаның бүгінгі деңгейі демографиялық күрделі мәселелерді шешуге қауқарлы екенін атап өтті. Академик Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Аңсаған сәби» бағдарламасының тарихи маңыздылығына ерекше тоқталды. Бағдарлама аясында ЭКҰ-ға бөлінетін квоталар жыл сайын 7000-ға дейін артып, 35 мың бағдарлама жүзеге асырылып, 13 мың бала дүниеге келген.

«Қазіргі таңда аталған бағдарлама жалғасын табуда. Бұл бағдарламаның ешқашан тоқтамағанын қалаймын. Квота саны тек арта беруі тиіс, – деді спикер. – ДДҰ мәліметінше, бүгінде әлемде шамамен 200 миллион әйел бала сүю мүмкіндігінен айырылған. Жалпы алғанда, бедеулік әр алтыншы некеде кездеседі, бұл – ересек халықтың 17,5 пайызы».

Вячеслав Локшин онкофертильділік саласын дамытуды қазіргі медицинаның гуманистік миссиясы деп санайды. Ғалымның айтуынша, іргелі зерттеулерді практикалық денсаулық сақтауға енгізу тек ауруды емдеу емес, адамдарға толыққанды болашақ сыйлау.

Кездесу соңында жас ғалымдар мен студенттер академикке көкейкесті сұрақтарын қойып, медицинадағы инновациялық трендтер бойынша пікір алмасты. Вячеслав Нотанович ғылым жолындағы табыс тек үздіксіз ізденіс пен үлкен жауапкершіліктің нәтижесі екенін айтып, жастарға өз кеңестерін берді.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі