- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-дың жаңа цифрлық дәуірі:ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті
ҚазҰУ-дың жаңа цифрлық дәуірі:ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті
Бүгінде әлемнің қарқынды дамуы цифрлық технологиялардың үдемелі жетілуімен тікелей байланысты. Өндіріс, ғылым, бизнес, медицина және өзге де салаларда ақпараттық жүйелер мен жасанды интеллектінің маңызы артып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Цифрлық жаңғыру мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, жоғары білікті ІТ мамандарын даярлауды стратегиялық міндетке айналдырды.
Қазақстан да бұл процестен қалыс қалмай, цифрландыру саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың ішінде «Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект» бағыты айрықша мәнге ие. Солардың бірі – 2018 жылдан бастап іске аса бастаған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы. Бұл жоба ел экономикасын, әлеуметтік саланы және мемлекеттік басқару жүйесін кешенді түрде цифрлық жаңғыртуға бағытталған.
ХХІ ғасыр – цифрлық экономика ғасыры. Ел дамуы жаңа технологияларды игеру қарқынымен өлшенетін кезеңде 2018 жылдың 15 қаңтарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ақпараттық технологиялар факультетінің ашылуы айрықша маңызды қадам болды. «Факультеттің басты мақсаты – Қазақстан мен әлемдік еңбек нарығына қажет бәсекеге қабілетті ІТ мамандарын даярлау», – дейді факультет деканы Тимур Иманқұлов.
Жаһандану жағдайында ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектінің рөлі артып, олар мемлекеттік басқару, өнеркәсіп, қауіпсіздік және ғылым салаларында шешуші құралға айналуда. 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты жолдау елдің цифрлық трансформацияға қадам басудағы нақты стратегиялық бағытын айқындады. Құжатта кадр даярлау, ұлттық инфрақұрылымды дамыту, ғылым мен инновацияны ілгерілету және ЖИ негізіндегі жаңа салаларды қалыптастыру міндеттері ерекше атап өтілді.
Бұл өзгерістер білім беру жүйесінің даму қарқынын жеделдетіп, жоғары оқу орындарын жаңа бағыттар ашуға итермеледі. Осыған орай, 2025 жылдың қыркүйегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар факультеті ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті болып қайта құрылды. Бұл – университеттің ІТ саласындағы ғылыми әлеуетін арттыруға, жасанды интеллект, деректерді талдау және интеллектуалды жүйелер бойынша білікті мамандар даярлауға бағытталған маңызды реформалардың бірі.
Бүгінде факультетте бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде халықаралық стандарттарға сай білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Факультет құрамындағы төрт кафедраның әрқайсысы цифрландыру, бағдарламалық инженерия, жасанды интеллект және ақпараттық қауіпсіздік салаларының дамуына үлес қосып келеді. Тәжірибелі профессорлар, ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD мамандар және жас зерттеушілер ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізіп, білім сапасын арттыруда.
Заттар интернеті зертханасы
(Internet of Things) зертханасы – цифрлық экожүйелерді құруға арналған заманауи технологиялық алаң. Зертхана негізгі назарын физикалық объектілерді біріктіріп, олардың деректерін автоматты түрде жинауға, талдауға және басқаруға мүмкіндік беретін смарт жүйелерді әзірлеуге аударады. Мұнда интеллектуалды сенсорлар, микроконтроллерлер, байланыс модульдері және нақты уақыттағы мониторинг платформаларының көмегімен IoT құрылғыларының жұмыс прототиптері жасалады.
Зертханада жүзеге асырылып жатқан жобалар:
Блокчейн технологиясы мен IoMT (Internet of Medical Things) қолданылатын ұйқы бұзылыстарын бақылау және диагностикалау бойынша интеллектуалды жүйені әзірлеу.
Терең оқыту әдістері мен IoMT (Internet of Medical Things) арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларын бақылау және алдын алудың интеллектуалды жүйесін дамыту.
Ақпараттық жүйелер кафедрасы
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында бәсекеге қабілетті, жоғары кәсіби дайындықтағы мамандарды даярлайтын жетекші академиялық орталықтардың бірі. Кафедраның негізгі мақсаты – заманауи қоғамның цифрлық даму талаптарына жауап бере алатын, интеллектуалдық деректермен жұмыс істей алатын, жасанды интеллект технологияларын меңгерген инженерлер мен зерттеушілерді даярлау.
Бүгінгі таңда цифрлық экономика, автоматтандыру, деректермен басқарылатын жүйелер және жасанды интеллектінің дамуы ақпараттық жүйелер саласының рөлін бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Осы тұрғыдан алғанда Ақпараттық жүйелер кафедрасы Қазақстанның ІТ-индустриясына кәсіби кадрлар даярлауда маңызды орын алып отыр.
Зерттеу бағыттары: жасанды интеллект және интеллектуалды басқару жүйелері, киберқауіпсіздік және ақпаратты қорғау, үлкен деректерді өңдеу және аналитика, смарт-қалаларға арналған цифрлық платформалар, автоматтандырылған басқару жүйелері, цифрлық трансформация архитектуралары.
Кафедраның негізгі ғылыми бағыттары: ақпараттық жүйелердің архитектурасы мен математикалық модельдері, жасанды интеллектіге негізделген деректерді интеллектуалды талдау, табиғи тілді өңдеу (NLP) және көптілді интеллектуалды жүйелер, өндірістік және экономикалық жүйелерді цифрландыру, смарт-жүйелер және интеллектуалды басқару, киберқауіпсіздік және деректерді қорғау технологиялары.
Компьютерлік ғылымдар кафедрасы
Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің жетекші құрылымдық бөлімшелерінің бірі. Бүгінде кафедрада шетелдік студенттерді қоса алғанда, 500-ден астам студент білім алуда. Оқу процесін ғылым докторлары, профессорлар мен шетелдік оқытушылары бар жоғары білікті профессорлық-оқытушылық құрам қамтамасыз етеді. Кафедра Қытай, Ұлыбритания, Германия, Жапония және басқа да елдердің жетекші университеттерімен халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді.
Кафедра жоғары білімнің барлық деңгейлері бойынша кең ауқымды білім беру бағдарламаларын ұсынады:
- Компьютерлік инженерия
- Компьютерлік ғылымдар
- Есептеу инженериясы
- Бағдарламалық инженерия.
Ерекше атап өтетіні – есептеу инженериясы және бағдарламалық инженерия инновациялық бағдарламалары бойынша бакалавр дәрежесін үш жылда алуға мүмкіндік бар. Олар IT-индустрияда сұранысқа ие практикалық дағдыларға басымдық беретін қарқынды оқу моделіне негізделген.
Магистратура және докторантура деңгейінде Northwestern Polytechnical University (Қытай) университетімен бірлескен «Компьютерлік ғылымдар және технологиялар» мамандығы бойынша қосдипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Оның аясында студенттер оқудың бір бөлігін Қытайда өткізіп, қос диплом алады. Бұл олардың халықаралық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін едәуір арттырады.

Зертханалар мен ғылыми жобалар
Кафедра зертханаларында ғылыми-зерттеу жұмыстары бірнеше бағыт бойынша белсенді жүргізілуде: жоғары өнімді есептеулер, жасанды интеллект, биоинформатика және желілік технологиялар. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын жалпы саны 12 ірі ғылыми жоба іске асырылуда.
Компьютерлік ғылымдар зертханасы – бағдарламалау, алгоритмдер және деректер құрылымдары саласындағы іргелі пәндерді меңгеруге арналған, заманауи есептеу техникасымен жабдықталған базалық зертхана.
Еділхан Әмірғалиев атындағы Жасанды интеллект және робототехника зертханасы – машиналық оқыту, компьютерлік көру, табиғи тілді өңдеу және робототехника салаларында студенттер мен зерттеушілер жобалармен айналысатын мамандандырылған зертхана.
Бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу зертханасында студенттер практика жүзінде заманауи бағдарламалық жасақтама әзірлеу әдістемелерін меңгеріп, өзекті фреймворктер мен әзірлеу құралдарымен айналысады.
Ақпараттық технологиялар және дизайн бойынша студенттік зертхана – веб-әзірлеу, мобильді қосымшалар және UI/UX-дизайн бағыттарындағы студенттік жобаларды жүзеге асыруға арналған шығармашылық кеңістік.
Жоғары технологиялық зияткерлік бағдарламаланатын жүйелер зертханасы кіріктірілген жүйелер, заттар интернеті және зияткерлік басқару жүйелері саласындағы жобаларды іске асырады.
Компьютерлік ғылымдар кафедрасы бай академиялық дәстүрлерді инновациялық көзқараспен үйлестіре отырып, студенттерге сапалы IT-білім және ғылыми қызметпен айналысуға кең мүмкіндіктер ұсынады.
Жасанды интеллект және big data кафедрасы
Data Science, жасанды интеллект және интеллектуалды басқару жүйелері бойынша мамандар даярлайтын факультеттің жетекші бөлімшесі. Барлық білім беру бағдарламалары халықаралық аккредитациядан өткен. Бұл олардың сапасының жаһандық деңгейде мойындалуын қамтамасыз етеді.
Бакалавриат деңгейі бойынша:
«6B06107 Деректер туралы ғылым»,
«6B06109 Жасанды интеллект»
«6B07113 Интеллектуалды басқару жүйесі» білім беру бағдарламалары бар.
Магистратура деңгейінде:
«7M06115 Деректер туралы ғылым»,
«7M07113 Бизнес талдау мен Big Data»
«7M07128 Интеллектуалды басқару жүйелері» білім беру бағдарламалары бар.
Докторантура деңгейі бойынша:
«8D06107 Деректер туралы ғылым»
«8D06114 Медицина саласындағы жасанды интеллект»
«8D07109 Автоматтандыру және Internet of Things»
«8D07116 Интеллектуалды басқару жүйелері» білім беру бағдарламалары бар. Кафедрада сондай-ақ Қытайдың Northwestern Polytechnical University (NPU) университетімен бірлескен қосдипломды «Жасанды интеллект» бағдарламасы іске асырылады.
Кафедра заманауи ғылыми инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Зертханаларда түрлі жобалар жүзеге асады.
Жасанды интеллект зертханасы
(AI) заманауи интеллектуалдық технологияларды зерттеу және әзірлеу бағытында жұмыс істейтін ғылыми орталық. Зертханада машиналық оқыту, терең нейрондық желілер, компьютерлік көру және табиғи тілді өңдеу салалары бойынша қолданбалы және теориялық зерттеулер жүргізіледі. Жоғары өнімді GPU серверлері мен бұлттық есептеу ресурстары күрделі модельдерді үлкен көлемді деректер негізінде оқытуға мүмкіндік береді.
Зертханада жүзеге асырылып жатқан жобалар:
Пациенттердің инсульттан кейінгі жоғарғы қол-қимыл қозғалысын компьютерлік көру және геймификация технологиялары арқылы қалпына келтіру.
Оңтүстік Қазақстан өңірін тұрақты дамыту үшін инновациялық технологияларды әзірлеу және заманауи инфрақұрылым құру.
Қазақ тілін және технологиялық прогресті қолдау үшін үлкен тілдік модельді (LLM) құру.
Өнеркәсіпке арналған цифрлық егіздер зертханасы (Digital Twins) – өндіріс нысандарының виртуалды көшірмесін жасау арқылы олардың жұмысын модельдеу, болжамдау және оңтайландыруды жүзеге асыратын ерекше ғылыми орталық. Бұл зертхана Industry 4.0 концепциясына толық сәйкес келеді және өнеркәсіптік процестерді цифрлық трансформациялау бағытында үлкен рөл атқарады.
Зертханада жүзеге асырылып жатқан жобалар:
Жасанды интеллект және IIoT технологияларын қолдана отырып, тамақ өңдеу кәсіпорнының цифрлық егізін жасау.
Цифрлық инновациялық шешімдер зертханасы (Erasmus) – заманауи IT өнімдерін, цифрлық сервистерді және интеллектуалды платформаларды әзірлеуге бағытталған ғылыми-инженерлік орталық. Зертхана веб және мобильді қосымшалар, смарт автоматтандыру жүйелері, деректерді талдау құралдары және бұлттық архитектураларға негізделген қолданбалы шешімдер жасайды.
Зертханада жүзеге асырылып жатқан жобалар:
Erasmus+ «Fostering Dual Green and Digital Transitions through Education and Innovation in the Neighbourhood East, Central Asia, and Asia – GreenTech Horizons»
Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасы
Ақпараттық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік, криптография, қауіпсіз бағдарламалық жасақтама және цифрлық криминалистика салаларында жоғары білікті мамандар даярлайтын Қазақстандағы жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі. Кафедраның басты мақсаты – ақпараттық инфрақұрылымды қорғау, кибероқиғаларды анықтау және алдын алу, заманауи криптографиялық жүйелерді жобалау, ақпараттық қауіпсіздік аудитін жүргізу сияқты маңызды бағыттарда теориялық және практикалық тұрғыдан терең дайындыққа ие мамандарды қалыптастыру.
Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасы мынадай білім беру бағдарламаларымен жұмыс істейді:
Бакалавриат деңгейі бойынша:
«6B06301 – Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері»
«6B06302 – Криптология»
Магистратура деңгейі бойынша:
«7М06301 – Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері»,
«7М06302 – Ақпараттық қауіпсіздік аудиті»,
«7М06303 – Криптология».
Докторантура (PhD) деңгейі бойынша:
«8D06301 – Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері»
«8D06303 – Криптология».
Кафедраның ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметі
Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасы ақпараттық жүйелерді қорғау және киберқауіптерді болжау саласында кең ауқымды ғылыми зерттеулер жүргізеді.
Зерттеу бағыттары:
• Киберқауіпсіздік және ақпаратты қорғау жүйелері
• Криптография және криптографиялық хаттамалар
• Жасанды интеллект және машиналық оқыту негізінде қауіптерді талдау
• Биоақпараттық деректерді қорғау
• Ақпараттық жүйелерді қауіпсіздік аудиті және модельдеу
Кафедра оқытушылары халықаралық конференциялар мен семинарларда баяндама жасап, Scopus және WoS базаларындағы журналдарда ғылыми мақалалар жариялайды. Студенттер ғылыми жобаларға қатысып, хакатон, стартап және инновациялық жарыстарға тартылып, практикалық дағдыларын жетілдіреді.
Маңызды ғылыми жобалар
«Қазақстан Республикасының заңнамасы саласындағы мемлекеттік тілге арналған семантикалық тәсілдерге негізделген интеллектуалды сұрақ-жауап жүйесінің моделі». «Түркі тілдерінің параллель сөйлеу корпусының автоматты генерациясын және олардың нейрондық модельдер үшін қолданылуын зерттеу». Жоба түркі тілдеріне арналған сөйлеу деректерінің үлкен корпусын автоматты түрде құруға және оны заманауи жасанды интеллект модельдерінде қолдануға бағытталған. Оның шеңберінде қазақ, түрік, өзбек, қырғыз және басқа түркі тілдері бойынша аудио және мәтіндік деректер жинақталады. «Өндірістік кәсіпорындар үшін ресурстарды оңтайлы бөлудің интеллектуалды ақпараттық жүйесін әзірлеу және оның даму динамикасын болжау».
Сонымен қатар кафедра халықаралық ғылыми қауымдастықтармен тығыз байланыста жұмыс істеп, студенттердің ғылыми жобаларға қатысуын, стартаптар мен инновациялық бастамаларды дамытуын қолдайды. Зертханалық инфрақұрылымның жаңаруы мен заманауи техникалық базаның болуы студенттердің практикалық дағдыларын шыңдауға мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе айтарымыз, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті еліміздің цифрлық даму бағытына елеулі үлес қосып отыр. Жоғары ғылыми әлеуеті бар ұжым инновациялық жобаларды жүзеге асырып, халықаралық деңгейде сұранысқа ие ІТ мамандарын даярлауда. Университеттің осы бағыттағы трансформациясы Қазақстанның цифрлық болашағын қалыптастыруға арналған маңызды стратегиялық қадам.
Факультет инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізу, өндірістік серіктестікті кеңейту, ғылыми жобалар мен стартаптарды қолдау арқылы елдің цифрлық экожүйесін дамытуға нақты үлес қосуда. Студенттер мен жас ғалымдар заманауи технологияларға негізделген зерттеулер жүргізіп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Сонымен бірге факультетті қайта құрылымдау еліміздің ІТ және жасанды интеллект салаларын одан әрі дамытуға бағытталған маңызды стратегиялық шешім саналады. Бұл өзгеріс Қазақстанның цифрлық трансформациясына қажетті кәсіби кадрларды даярлауда жаңа мүмкіндіктер ашып, университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетін одан әрі күшейте түсті. Осылайша факультет тек білім ордасы ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның цифрлық болашағын қалыптастыратын ірі зияткерлік орталыққа айналып отыр.
Айгерім САМЕТОВА,
оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы
жөніндегі декан орынбасары, аға оқытушы
Басқа жаңалықтар