Үздік пікірлері үшін марапатталды

31 марта, 2010

Үздік пікірлері үшін марапатталды

Қазіргі таңда жаһанданудың жойқын күшінің әсерінен түрлі мәдениет пен дәстүрлер жойылудың аз-ақ алдында тұрғаны жасырын емес. Қиыр Шығыста, не болмаса Африка құрлығында жыл сайын жер бетінен жоқ болып кететін тілдер мен мәдениеттің кері келмес үшін не істеу қажет? Міне, 18-наурыз күні Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде «Халықаралық қатынастағы ұлттық мәдениеттің рөлі» атты ауқымды конференция қатысушылары осы сауалға жауап іздеді. Бірнеше ЖОО білімгерлерінің қатысуымен өткен бұл іс-шарада осы тақырып аясында бірнеше баяндамалар оқылып, түрлі пікірлер тыңдалды.

«Алтын сапа» пікірсайыс клубы да бұл іс-шарадан тыс қалмай, өз азаматтық ұстанымын білдіруге ат салысты. Бұл конференцияға қатысқан пікірсайысшыларымыздың арасынан белсенділік танытқан Экономика және бизнес факультетінің 1-курс студенті Лиманова Қымбат 1-орынға ие болса, филология факультетінің 1-курс студенті Парманова Ұлбосын 2-орынға табан тіреді. Нақтылап өтер болсақ, Парманова Ұлбосын қазіргі қазақ қоғамында үлкен өзектілікке ие болып отырған мәселені қозғай отырып, «Әлемдік мәдениеттің ұлттық мәдениетімізге әсері» тақырыбында баяндама оқыса, ал Лиманова Қымбат «Ұлттық мәдениеттің құндылығы» атты тақырыпта өз ойларымен бөлісіп, қазаққа тән діліміздің өзіне ғана тән қырларын сипаттап, басты рухани құндылықтарымыздың орнын айқындай білді.

Осы орайда, Абылайхан атындағы ҚазХҚжӘТУ-нің ұйымдастырушыларына тың бастама көтере отырып, аталмыш тақырыпты талқылауға таңдағанына алғыс білдіреміз.

Жидебекқызы Ақнұр

«Алтын сапа» пікірсайыс клубының төрайымы