КОЛУМБИЯ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ДӘРІС

28 июля, 2010

Егемен Қазақстан, 20 ақпан, 2010 жыл

КОЛУМБИЯ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ДӘРІС

Оны ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов өткізді

Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Жақында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы осынау атақты көнекөз оқу ордасында өткен дәріс тақырыбы Қазақстанның жетекші ұлттық уни­вер­ситетінің тәжірибесі негізінде білім сапасының жаһандық орталығын құру­ға арналды. ҚазҰУ басшысы Қазақстанның жоғары білім және ғылым саласының реформалық кезең­деріне тоқталып, Қазақ ұлттық университетінің тәжірибесі негізінде отандық білім беру саласында туын­дайтын мәселелерді шешу орайындағы ойларын бөлісті. Бір сәт көпшілік назарын Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына аударды.

Талғампаз тыңдармандар қатарын­да АҚШ-тың мемлекеттік департа­ментінің өкілдері, Нью-Йорк мэрия­сы­ның қызметкерлері, Колумбия университетінің басшылары мен оқытушы-профессорлары болды. Атал­мыш шараның өтетіндігі жайлы бүкіламерикандық академиялық желі арқылы бір ай бұрын Пенсильвания, Бостон, Нью-Джерси университет­тері­нің профессорлары құлақтандырылған еді. Олар қазақстандық әріптестердің пікірлерін қолдап, қызығушылық білдірді. Бір сағатқа созылған пікір­таласта Қазақстанның білім және ғы­лым саласы, қоғамдық-саяси ахуалы, сыртқы саясаты мен еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы, т.б. өзекті мәселелер сөз етілді. ҚазҰУ ректоры жиналған қауымнан әлемге әйгілі қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің Нью-Йоркте көші-қон мәселесіне арналған дүниежүзілік ғылыми форум өткізу жөніндегі ұсынысын қолдауды өтінді. Осыдан төрт ай бұрын О.Сүлейменов Колумбия университетінде әлем халықтарының көші-қон тарихына арналған дәріс оқыған болатын.

Бақытжан Жұмағұлов Нью-Йоркте білім алып, жұмыс істеп жүрген қазақстандық студенттермен жүздесті. Шет елдегі жас отандастарымыз өркендеп өскен Қазақ елінің соңғы жетістік-жаңалықтарын естіп төбелері көкке жете мерейленді. Жиынға қатысқан Колумбия университеті профессорларының бірі – атақты ғалым, Кеңес Одағы кезінде АҚШ-тың Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Джек Мэтлок қазақстандық әріптестермен шүйірке­лесе әңгімелесті. ҚазҰУ басшылығы биылғы жылдың мамырында халық­аралық қатынастардың теориясы мен практикасын жете меңгерген профес­сор Д.Мэтлокты тәжірибе алмасу мақ­сатында Қазақтың жетекші универ­ситетіне қонақтап қайтуға шақырды.

Колумбия университетінде өткен кездесу барысында екі жақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында жүр­гізілген келіссөздер негізінде арнайы құжаттамаға қол қойылмақшы.