Халықаралық ынтымақтастық аясында

28 июля, 2010

«Егемен Қазақстан» газеті 12 ақпан 2010 ж.

Халықаралық ынтымақтастық аясында

Қорғанбек Аманжолов

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың делегациясы жақында Мәскеудің беделді жоғарғы оқу орындарында болып, бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов пен М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дің ректоры Виктор Садовничийдің кездесуі халықаралық білім кеңістігіндегі іргелі екі оқу орнының ең басты стратегиялық даму мәселелері талқыланды. Студенттік қарымдылықты дамыту мәселесіне басты назар аударылды, сондай-ақ КазҰУ мен ММУ арасындағы қос дипломды ынтымақтастық жөнінде сөз болды. Мәскеу мемлекеттік университетінің жетекші профессорлары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дәріс өткізуге шақырылды.

Өз кезегінде ММУ ректоры Қазақстан Республикасы Президентінің ақпандағы Жолдауын қызу қуаттап, білім мен ғылымның дамуына мемлекеттік қолдаудың маңызды роль атқаратындығын айтты. Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің бастамасымен Астанада Жаңа университет ашылатындығын мәлімдеді. Виктор Садовничийдің пікірінше, Астанадағы Жаңа университет пен Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті білім мен ғылымның ірі орталықтарына айналуы керек.

Жетекші білім ордаларының басшылары ағымдағы жылдың қазан айынан қалдырмай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың негізінде, ММУ және Еуразия университеттер қауымдастығының қолдауымен ғылым мәселелері мен перспективаларын талқылауға арналған Дүниежүзі ғалымдарының ғылыми форумын өткізуге келісті.

ҚазҰУ өкілдері алдымен «Дубна» Халықаралық университетіне барып, РЖҒА-ның (Ресей Жаратылыстану ғылымдарының академиясы) президенті Олег Кузнецовпен кездесті. Кездесу барысында Мәскеу аймағындағы ғылым-білімнің жетекші орталығы болып табылатын керемет кешеннің қызметімен танысты. Сондай-ақ, ғылыми зерттеулер жүргізу үшін Біріккен ядролық зерттеулер институтымен ынтымақтастық келісім-шартқа отырды.

ҚазҰУ ректоры «Дубна» университетінің ректоры Владимир Филипповпен әңгіме барысында ТМД мен ШЫҰ елдерінің желілік университетін дамытудағы ынтымақтастық, Консорциумдағы 11 университеттің немесе ҚазҰУ-дың магистранттарын бірлесе оқытып шығару үшін жоғары санаттағы магистрлік бағдарламаларды ұйымдастыру және жүзеге асыруда күш біріктіру, сондай-ақ жоғары деңгейлі ғылыми мамандарды дайындау мәселелерін сөз етті.

Кездесу студенттер және оқытушы-профессорлар құрамының алмасуы, біліктілікті арттырудың қысқа мерзімді стажировкалары және біріккен ғылыми жобалар жүргізу жөнінде ҚазҰУ мен РХДУ арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюмен түйінделді.