Алматы ақшамы 29 шілде, 2010 жыл
|
Мектептегі соңғы қоңырау соғылды, емтихандар аяқталды, мектеп бітіру кеші де көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Жадыраған жаз мен мұндалап тұрғанымен, 2010 жылғы түлектер үшін демалыстың ауылы алыста. Себебі, олар - үлкен өмірге қадам аттағалы тұрған жас талапкерлер. Олар үшін дәл қазір ішер асын жерге қояр үлкен сұрақ –болашақ мамандығы мен жоғары оқу орнын қателеспей таңдау.
23 шілдеден бастап еліміздегі жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім грантын жеңіп алу үшін құжаттар қабылдана бастады. Осы орайда бүгінгі жас талапкердің таңдауы қандай деген қызығушылықпен еліміздегі ең үздік жетекші университет болып табылатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ат басын бұрдық.
Қабылдау комиссиясы орналасқан ғимарат алдында алыстан-ақ қалың кезекте тұрған жас талапкерлер және оларды демей келген ата-ана мен жақындарының қарасы байқалады. ҚазҰУ алаңында шамамен 1000-нан аса адам жиналған! Өткен жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2586 мемлекеттік білім гранты иегерін оқуға қабылдап, қабылдау науқанының көшбасшысы танылған болатын. Олардың басым көпшілігі - «Алтын белгі» иегерлері және ерекше үлгідегі аттестат пен халықаралық олимпиада жеңімпаздары. Бұл жолғы құжаттарды қабылдау науқаны кезінде де еліміздегі үздік университетке құжат тапсырушы ұшан-теңіз талапкерлерге қарап, бұл жолы да ҚазҰҰ қабылдау науқаны қортындысында өте сәтті көрсеткішке жетіп, былтырғы көшбасшылық беделін дамыта түспек деп топшалауға болады. Еліміздегі ЖОО арасында бірінші болып ҚазҰУ Қазақстан үшін жоғары оқу орындарына сапалы студенттерді тарту концепциясын қолға алған болатын. Студенттік контигентті тарту үшін жаңа стратегия жасалынды. Осы бастама аясында осымен екінші кезек Қазақстанның 14 облысында ҚазҰУ-дың «әл-Фараби» пәндік олимпиадасы өтті. Бұл кезде арнайы жасақталған көшпелі комиссия университетке ең дарынды, ең қабілетті мектеп бітіруші түлектерді тарту үшін аянбай еңбек етті. Бір айта кетерлігі, осы жылдан бастап «әл-Фараби» олимпиадасы республикалық статус иеленіп, олимпиада жеңімпаздары халықаралық беделді олимпиада жеңісімен теңелді.
Қабылдау комиссиясының жұмысы өте қызу жүруде. Абитуриенттер таңдауына оң бағыт беру үшін әр факультетте кеңес орталығы ашылған. Сонымен қатар, декан сағаты, факультеттер презентациясы ұйымдастырылуда. Бұл шара барысында болашақ студенттер факультет декандарымен кездесіп, өздерін қызықтырған сан түрлі сауалдарына жауап алып, университет тынысымен толық таныса алады. Сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтың қызығы мен студенттерге жасалынған жағдайлар жайымен ақпараттанып, ҚазҰУ-дың студенттік өмірімен танысу мүмкіндігіне ие болады.
Университет күннен-күнге даму мен гүлдену нәтижесінде Алатау әсем бөктерінде қоңыс тепкен еліміздегі басты студенттік кампусқа айналды. Санаулы уақыттан кейін бүгінгі талапкердің «ҚазҰУ студенті» деген үлкен мақатанышқа ие болып, студент атанатын бақытты сәті туады.