«Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАқпарат)» Ұлттық компаниясы

27 августа, 2010

АЛМАТЫ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін ҚазҰУ-ге Бейрут университетінің өкілдері келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бейрут университеті өкілдері қатарында аталмыш оқу орынның сыртқы аймақтық бағдарламалар бойынша вице-президенті Хасан Диаб пен оның көмекшісі Джордж Фараг және медицина факультетінің деканы Гассан Химаде бар.

Қонақтарды ҚазҰУ-дың Оқу жұмысы жөніндегі проректоры Мұрат Орынханов қарсы алып, оларды еліміздегі үздік жоғары оқу орынның жеткен жетістіктерімен таныстырып, ерекшеліктері жайында баяндап берді.

1866 жылы құрылған Бейрут университеті Ливандағы жетекші ұлттық университеттердің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда университетте ауылшаруашылық, тамақ өндірісі, гуманитарлық ғылымдар, архитектура, медицина және тағы басқа факультеттер бойынша мамандар дайындалып, әлемнің 69 елінен 7500 студент білім алуда.

«Ливан университеті он жылдан астам уақыт американдық білім жүйесі стандарттарымен жұмыс істеуде. Бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты - қазақстандық білім кеңістігінде американдық білім жүйесі бойынша кадрлар дайындайтын үздік университет ҚазҰУ-мен тығыз әріптестік байланысты нығайтып, бірлесе жұмыс істеу», - дейді аталмыш университеттің сыртқы аймақтық бағдарламалар бойынша вице-президенті Хасан Диаб.

Кездесу барысында шығыстану, биология және халықаралық ынтымақтастық департаментінің қызметкерлері шетелдік әріптестерімен ғылым саласындағы жоспарларымен бөлісті.