«Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАқпарат)» Ұлттық компаниясы

2 сентября, 2010

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім күні ректор, академик Бақытжан Жұмағұловтың «Университет әлемдік инновациялық үдерісте» атты бас дәрісімен басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат, ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚазҰУ ректоры Студенттер сарайына жиналған 2 мыңға тарта тыңдарманға дәріс оқып, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Дәріске 750-ден астам «Алтын белгі» иегерлері, 150-ден астам халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары, 1000-ға жуық мемлекеттік гранттың және 90 ректорлық гранттың иегерлері, сондай-ақ университеттің үздік оқытушылары мен студенттері қатысты.

Ректор университеттің биылғы оқу жылына қабылданған студенттердің басым көпшілігі «Алтын белгі» және республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарынан құралғандығын айта келе, бірінші курс студенттерін «элиталы гвардия» деп атады.

«Құрметті элиталы гвардия, сіздерге білім кеңістігінде сәт сапар тілеймін. Бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, ҚазҰУ түлектері қазақстандық элита тобын қалыптастырушы зиялы қауым өкілдері. Ендеше алдыңғы буын жолын жалғап, зиялы қауымды қалыптастыратын буын сіздер боласыздар. Қазақстанды 2030-ға жеткізетін, сол дамыған қоғамды бәсекеге қабілетті ететін де сіздер», деп атап өтті өз сөзінде Бақытжан Тұрсынұлы.

Сонымен қатар әр факультетте де дәрістер оқылып, оны ғылым мен мәдениеттің, қазақстандық және халықаралық бизнес қоғамдастықтарының белгілі өкілдері жүргізді. Олардың қатарында Өмірзақ Айтбаев, Карл Байпақов сынды академиктер және мәдениеттанушы әрі қоғам қайраткері Мұрат Әуезов бар. Сондай-ақ «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, "Экомед" медицина орталығының директоры Салтанат Байқошқарова сынды тағы басқа мекеме басшыларының дәрістері тыңдалды.

Атаулы дәрістер экономика, география, заң, шығыстану және т.б. саланы қамтыды. Атақты қайраткерлер студенттердің сұрақтарына жауап бере отырып, жастарға мықты маман болып қалыптасу жолын көрсетіп, адам бойындағы дарындылықты одан әрі дамыта түсетін кеңестер берді.