«Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАқпарат)» Ұлттық компаниясы

10 сентября, 2010

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Польшаның жетекші білім ордасы саналатын Адам Мицкевич университетінің білім және халықаралық ынтымақтастық жұмысы бойынша проректоры Яцек Виткость бастаған делегация әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚазҰУ-дің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келген делегаттар екі университет арасындағы әріптестік ынтымақтастықты нығайтуды алға қойып отыр. Қонақтарды ҚазҰУ-дың оқу жұмысы жөніндегі проректоры Мұрат Кәдесұлы қарсы алып, шетелдік әріптестерін университет жетістіктерімен таныстырды. "ҚазҰУ да халықаралық әріптестік өте жақсы дамыған. Сіздердің оқу орындарыңызбен де тығыз байланыстамыз. Алда студенттер алмасу, оқытушылардың тәжірибелерін шыңдау жұмыстарын дамытамыз", дейді проректор.

Тарих, этнография, филология, география, геология, биология салалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі келісімшарт негізінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Адам Мицкевич атындағы университетпен 1991 жылдан бері тығыз байланыс орнатып келеді.

Яцек Виткость қазақстандық 4 университетпен әріптестік байланыс орнатылғандығын және соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен ерекше тығыз қатынаста екендігін айтып өтті. «Халықаралық рейтингіге шығу үшін жетекші жоғары оқу орындарымен жұмыс істеу керектігін ескерсек, ҚазҰУ осы талаптарға сай. Осы орайда ғылым жолындағы ізденушілерді, магистранттарды біздің университетке тәжірибе алмасып, біліктіліктерін шыңдап қайтуларына қолдау жасаймыз», дейді Я. Виткость.

Ал Адам Мицкевич университетіндегі азиятану кафедрасының профессоры, түркітанушы Хенрык Янковский университеттерінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша қазақстандық оқытушылар дәріс беріп жатқандығын айтады. «Бізде түркология бөлімінде қазақ тілі мен әдебиетінен дәрістер оқылады. Сонымен бірге студенттер келіп, алмасу бағдарламасымен білім алып жатады. Біздің елдің ұстаздары да ҚазҰУ- дан тәжірибе жинап қайтады. Бұл әріптестікті дамыта бергіміз келеді. Мен түркітанушы ретінде қазақ тілін үйреніп, осы тілдің қасиетін зерттей түспекпін», деп атап өтті өз сөзінде Х.Янковский.

Жиынға қатысушылар Білім мен ғылым саласындағы екі жақты жоспар, бағдарламалары жайында сөз қозғап болған соң проректорлар бір-біріне естелік кітаптар табыс етті.