«Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газет
Жастар мәселесі талқыға салынды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласы бойынша Жастар саясаты басқармасының «Жастар көзқарасы» форумы өтті.
Форумның негізгі мақсаты – қазіргі жастар арасындағы маңызды мәселелерді талдау және олардың қоғамдық белсенділіктерін арттыру үшін жасалынатын шараларды дамыту, жастар ұйымдарының арасындағы байланысты орнату, олардың негізгі шешу жолдарын көрсету үшін пікір-талас алаңын құру болып табылады. Аталмыш басқосу бұл көздеген мақсаттарына жетті.
Форум шеңберінде «Astana Group» компаниясының жетекшісі – Нұрлан Смағұлов, «Atameken Holding» қаржы-өндірістік тобының директорлар кеңесінің төрағасы – Ұзақбай Айтжанов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты – Бақыт Сыздықова, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы – Нұрлан Өтешов сынды қоғамдық және мемлекеттік қайраткерлер жастарға арналған көшбасшылық дәрістер оқыды. Сонымен қатар, жастар мен қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысқан алқалы кеңесте ізденуші-жастарға бағытталған ғибратты әңгімелер айтылды.
Жиында көтерілген негізгі мәселелер жастардың демалысын ұйымдастыру, олардың денсаулығы мен спортқа, еңбекке қабілеттілік мәселелері, әлеуметтік мәселе мен оны шешу жолдары және ұлтжандылық тәрбиенің ерекшеліктері болды. Осы сипатта жасалған баяндамалардың үздігі бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Түскі асқа студенттерге арналған дастарқан жайылып, форум концерттік бағдарламамен жалғасты.
Ермұхамед МӘУЛЕН