«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет
Ақын студенттер арасында
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия факультетінде белгілі ақын, әдебиетші, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Болат Шарахымбаймен кездесу болып өтті.
Тіл туралы тұңғыш заңның қабылданған құрметіне орай ұйымдастырылған бұл шара «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп аталып, оған аталған оқу орнынан көптеген студенттер мен оқытушылар қатысты. Бірінші гуманитарлық шет тілі кафедрасының аға оқытушысы Нағия Ештаева қонақты таныстырған соң, студенттер әр түрлі тілде Отан, ана тіліміз туралы ұлт зиялыларының, мемлекет қайраткерлерінің даналық сөздері мен ойларын мәнерлеп жеткізді. Одан кейін сөз алған Б.Шарахымбай еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бастап мемлекеттік тіл саясатының жүргізілу барысы, оның қысқаша тарихы, қол жеткізген табыстары, тіл майданы үшін курес, оның басты тұлғалары, қазіргі кездегі тіл түйткілдері туралы айтып берді. «Әлемде қазақтан асқан мәдениетті, кең пейіл халық некен-саяқ. Өкінішке қарай, көрешекті де сол мәдениеттілігінен көріп отыр. Қазақта «Жаман үйді қонағы билейді» деген сөз бар. Біз – соның зардабын басымыздан өткеріп отырған халықпыз. Тіл тағдыры жоғарғы биліктен бастап, әрқайсымызға қатысты. Сондықтан әр қазақ өз тіліне, өз Отанына, өз дініне берік болмай, көсегеміз көгермейді» деп қортынды жасады ол.
Мемлекеттің жай-күйі сөз болған осы басқосуда аға оқытушы Ж.Төлеухан, кітапхана меңгерушісі Н.Малдыбаева тілдің қоғамдық қызметіне жан-жақты талдау жасаса, А.Мандашова, Б.Есқалиев, С.Жұмағұлова, Қ.Нұрымбаев, тағы басқа белсенді студенттер тілдің қазіргі қордаланып қалған қадау-қадау мәселелеріне тоқталды.
Кеш барысында кітапхана ұжымының күшімен тіл тақырыбына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Ершай ӘЗІРЕТ