Қазан айының 2-сі күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық қатынастар факультетінің бірінші курс студенттеріне арналған «Мамандану жәрмеңкесі» өтті. Жәрмеңкенің көздеген мақсаты университет табалдырығын енді аттаған студенттерге өздері тереңірек оқып, зерттейтін болашақ қызметтеріне орай халықаралық қатынастар мен байланыстар саласына қатысты бағыттарды анықтауға көмектесу. Келешек дипломаттар осы халықаралық қатынастар факультетінен түлеп ұшатыны белгілі. Сондықтан мамандану пәндері ретінде студенттерге АҚШ, Қытай, Франция, Германия, Латын Америкасы елдері, Орталық Азия аймағы ұсынылды. Ал «Дипломатиялық және консульдық қызмет» жеке мамандану пәні ретінде қарастырылған. Мерекелік шараға Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық корпустың ресми өкілдері, Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті жанындағы стратегиялық зерттеу институтының бас кеңесшісі М.Т. Лаумулин, Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызмет ардагері Қ.И. Исағалиев, халықаралық қатынастар факультетінің деканы профессор К.Н.Шакиров, тарих ғылымдарының докторлары мен профессорлары қатысты.
ҚазҰУ-дың студенттік баспасөз орталығы