Бүгін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде философия ғылымдарының докторы, профессор Білім Құдайбергеновтың 65 жылдығына және дінтанулық білім берудің 10 жылдығына арналған «Жаңа діни ағымдар, қазіргі Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік бірегейлігін сақтау мәселелері» атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өтті.
Аталмыш университеттің ғылым философиясы және дінтану кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Нағима Байтенованың айтуынша, шараның негізгі мақсаты - қазіргі Қазақстан қоғамының рухани әлеуметтік дамуындағы жаңа діни ағымдардың рөлін, олардың ұлттық және мемлекеттік бірегейлікке ықпал ету деңгейін анықтау. «Еліміздегі жаңа діни ағымдардың қалыптасуы мен даму жолдарын, ілімдік және ғұрыптық ерекшеліктерін талдау арқылы, олардың қоғамдық санаға, ұлттық және мемлекеттік бірегейлікке ықпал-әсерлерін айқындау қажет», дейді Н. Байтенова.
Шара барысында «Қазақстандағы жаңа діни қозғалыстар: мәні мен мәселелері», «Жаңа діни ағымдардың таралуының әлеуметтік-саяси және этнопсихологиялық факторлары», «Жаңа діни ағымдар және олардың ұлттық және мемлекеттік бірегейлігін сақтау мәселелері» тақырыптарында баяндамалар оқылып, жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар дінтану ғылымына үлес қосқан ғалым Б.Қ.Құдайбергеновтың өмірбаяны мен оның атқарған ерен еңбектері жайында баяндалдалып, еліміздегі дінтану ғылымымен айналысатын мамандардың біліктілігін арттыру мәселесі де қаралды.
Конференцияға АҚШ-тың Эндрюс университетінің дінтанушысы Элена Музик, еліміздің ҰҚК акадамиясының дінтанушылары мен философия және саясаттану институтының өкілдері қатысты.
Әділет Мұсахаев