"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газет

2 декабря, 2010

Сайрамбаев салған сара жол...

«Қазақ тілі» кафедрасы мемлекеттік тілдің қадірін арттыруға ерекше үлес қосып келеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті туған тіліміздің қанатын кең жаюына әрдайым жанашыр болып, мемлекеттік тілді өзгелерге үйретуде болашақ мамандардың да үнемі алғы шепте болуын назардан тыс қалдырмай келеді.

Ал жақында ғана университет ректоры болып келген Ғ. Мұтанов мырзаның білім ордасында тың әдіс-тәсілді қолдана отырып, мемлекеттік тілді барынша жан-жақты оқытуды тапсыруы да ұстаздар қауымына қанат бітірді. Осындай жаңа бастама қолға алынып жатқан тұста қазақ тілі кафедрасының 20 жылдығымен байланысты «Мемлекеттік тіл - интеллектуалды ұлт қалыптастырудың негізі» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның ұйымдастырылуы да қолға алынған қыруар шаруаны ілгерілетуге септігін тигізері анық, - деді бізге берген сұхбатында филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы.
Негізгі қызметі Білім және ғылым министрлігінің жарлықтары мен университеттің стратегиялық даму бағыттарына сәйкестендірілген кафедра жиырма жыл бойғы қызметінде көп іс тындырды, көпшіліктің көңілінен шығар шаруалар атқарды. 1990 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Талғат Сайрамбаевтың басшылығымен құрылған кафедра еліміздегі жоғары оқу орындары арасында үлгі боларлық жұмыстарға бастамашы болды, білімді де білікті тілші ғалымдар даярлады, тамаша дәрістер оқылуын қамтамасыз етті. Осылайша Сайрамбаев салған сара жол жиырма жылда өзінің өміршеңдігін байқатты.

- Қазақстан халқы ассамблеясының 16-сессиясында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік тілді дамыту маңызды басымдық болып қала береді. Біздің мақсатымыз - мемлекеттік тілді Қазақстанның барлық азаматтарының меңгеруіне қол жеткізу» деген сөзі кафедра жұмысының жандана түсуіне ықпал етті. Ұлт тілінің мемлекеттік тіл ретінде танылуы - тіл бағының жануы. Біздіңше, қазіргі басты қажеттілік және бірінші жүйелі түрде жолға қойылуды қажет етіп отырған жайт - оқытудың бірізділігі. Балалар бақшасынан бастап, мектеп пен жоғары оқу орындары арасында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың бірізді жүйесі жасалуы қажет, - дейді Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбай.
Иә, айтылар ой-пікір таусылмақ емес. Тіл төңірегінде өзекті мәселелер жеткілікті. Осы орайда барлық күш-жігерлерін туған тілімізді түлетуге арнап, өзге жоғары оқу орындары арасында қазақ тілін оқыту мен осы бағытта әдіс-тәсілдер, бағдарламалар жасауда өнеге көрсетіп отырған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Қазақ тілі» кафедрасының жұмысын ерекше бағалауға болады. Осының дәлелі ретінде «Мемлекеттік тіл - интеллектуалды ұлт қалыптастырудың негізі» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның ұйымдастырылуын атап өтуге болады.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ