«Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАқпарат)» Ұлттық компаниясы
ҚазҰУ тарихында тұңғыш рет ақсақалдар кеңесі құрылды
АЛМАТЫ. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат- /Әділет Мұсахаев/ - 29 желтоқсан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың бастамасымен университет тарихында алғаш рет ақсақалдар алқасы өтті.
Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, жазушы Қазақстан республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Әбілфайыз Ыдырысов, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұрсынбек Кәкішов, этнограф, археолог, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері Уахит Шалекенов, қазақтың көрнекті заңгері, қоғам қайраткері, академик Салық Зиманов, Белгілі қоғам қайраткері, заңгер Сұлтан Сартаев, химия ғылымдарының докторы, профессор Хабибулла Оспанов бастаған қара шаңырақтың бірнеше ардагерлері қатысты.
Жиын барысында тәжірибелі ғалымдар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін ұлттық зерттеу университетіне айналдыру жолында атқарылып жатқан іс-жоспарлармен танысып, өз кеңестерімен бөлісті. Білім ордасы басшысының айтуынша, зерттеу университеті жаңа өнім шығаруға түрткі болумен қатар, ҚазҰУ-ды әлемдік дамыған жоғары оқу орындары рейтингісінің алдыңғы қатарына қоспақ.
Жаңа бастамада ортаға ой тастаған ақсақалдар білім ордасын ұлттық зерттеу университетіне айналдыру барысында ұлттық мүдде, мемлекеттік тіл, мәдениет, әдебиет мәселелері де назардан тыс қалмау керектігін баса айтты. «Ғылымның өзі табиғи және гуманитарлы болып бөлінетіндігін ескерсек, біз көп ретте табиғи салаға баса көңіл бөлеміз де гуманитарлы ғылым ақсап қалады. Егер мамандарымыз өзінің ұлты үшін, мемлекетімізді дамыған елу елдің қатарына қосуға ұмтылсын десек осы гуманитарлы ғылымды да дереу қолға алуымыз керек», - дейді ғалым Уахит Шалекенов.
Сондай-ақ университеттің ардагері Тұрсынбек Кәкішев өз ана тілін, тарихын, мәдениетін, әдебиетін білмейтін кадр ел адамы бола алмайтындығын айтады. «Ұлттық зерттеу университетіне айналу барысында «мылқау мамандар дайындаудан» қашуымыз керек», - деп Т.Кәкішев өз пікірін білдірді.
Әдебиет қоғамның үлкен мәселесі екендігін ескерген академик Ғалымқайыр Мұтанұлы ҚазҰУ-да гуманитарлық мәселелер бойыншакеңес құрылатынынжеткізіп, алдағы уақытта бұл саланы дамыту үшін білім ордасында Абай ілімі оқытылатындығын айтты.
Жоғары оқу орнын Ұлттық зерттеу университетіне айналдыру барысында факультеттерде оқытылатын пәндердің маңыздылығы да ескерусіз қалмау керек дейді ақсақалдар. Осы кезекте Қазақ журналистикасының ұлағатты ұстазы Әбілфайыз Ыдырысов үн қатып, журналистика факультетінде тарих, әдебиет сияқты пәндер бойынша оқытылатын дәрістерді көбейту керектігін айтты.
Алқалы жиын барысында бірнеше ұрпақ бойына ізгілік нұрын құйып, маманның адам болып қалыптасуына зиялы еңбек сіңірген ақсақалдар алқасы ҚазҰУ-ды Ұлттық зерттеу университетіне айналдыру үшін жасалынған жоспарларға осындай ой қоса отырып, жаңа бастамаға барынша қолдау көрсетіндіктерін жасырмады.
Жас ұрпақпен аға буынның арасындағы сабақтастық осылайша ғылымды жалғау көпіріне айналып, жаңа бастама ғалымдардан қолдау тапты. Кейінгі толқынмен зиялы қауымның бұлайша ой бөлісіп, үндесуі Елбасы айтқан Интеллектуалды ұлт қалыптастыруда үлкен үлес екендігі даусыз. Сондай-ақ, тәжірибелі профессорлар авторлық құқық, кітап шығару, кітап тарату, монографиялық еңбектерге үстемақы төлеу саласындағы қордаланған мәселелердің шешімін айтып, ғылымды дамыту жолындағы түйінді сауалдарға қан жүгіртуге тырысып бақты.