"Казинформ" Национальное информационное агентство

31 января, 2011

АЛМАТЫ. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы халыққа Жолдауы "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз" атануы тегін емес.

Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының негізгі басымдылығы - ортақ мүдде, бірлік, татулық, бейбітшілікке үндейді. Бұл жайында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Баспасөз қызметінің жетекші маманы Саягүл Әлімбекова ҚазАқпарат тілшісіне пікір білдіру кезінде айтты.

С. Әлімбекова Президенттің биылғы Жолдауда еліміздің білім беру ісі 129 елдің арасында көш бастаушылар қатарында келе жатқандығын баяндағанын айтады. «Елбасы өткен онжылдықта білімге бөлінетін қаражат 10 есеге көбейгендігін, осы жылдары 750 жаңа мектеп салынғандығын, сонымен қатар, 5 302 мектепке дейінгі мекеме, 1 117 балабақша мен 4 185 орталық ашылғандығын айтты. Бұл көрсеткіштер, әрине Елбасының білім және ғылым, ағартушылық салаларына үлкен мән беріп отырғандығын көрсетеді», -дейді С.Әлімбекова.

Сонымен қатар ол халық денсаулығы әрқашан Жолдау тақырыбында өзектілікке ие болуы қуантарлық жайт екендігін айтады. «Жолдауда айтылғандай, тәуелсіздік жылдарында 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды. Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатының жақсарып, өмір жасының ұзаруына үлес қосып отыр. Бұл Жолдауда белгілі болғандай экономикалық модернизация, әлеуметтік модернизация, білім, денсаулық сақтау, тілді дамыту, жұмыспен қамтудың жаңа тұжырымдамасы және халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, кірісті ұлғайту сияқты салаларда жетілдірілген жұмыстар бастау алатындығы халық игілігі үшін жасалатын іс деп білем», -деп атап өтті өз сөзінде Саягүл Әлімбекова.

Сондай-ақ ол Жолдауда 2015 жылы білім мекемесінің 50 пайызы электронды оқытуға көшетіндігін, ал 2020 жылы ол 90 пайызға өседі деп тапсырма жүктелгендігі алдағы 5 жылдық пен онжылдықта талай жаңа бастамалар орын алатындығынан сипат беріп отыр дейді.

"Таяуда үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен Парламент депутаттары қолдау білдіре отырып Елбасы өкілеттігін ұзарту үшін бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтергендігі белгілі. Бұл - Елбасына артылған халықтың үлкен сенімі. Халықтың жылы ықыласы мен құрметі. Осы орайда референдумға пікірін жеткізген Президент Н.Ә.Назарбаев 20 жылдан бері бар күш-жігері мен білік -тәжірибесін аямай, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқандығын айтып, сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойнына алатындығын жеткізді. Бұл шешім - Елбасы өзі бастамашылдық танытып, ел бағытын жарқын болашаққа бағдарлаған қыруар істер мен үлкен жауапкершілікті халық игілігі үшін атқаруға үлкен сенім туғызып отыр", -дейді Саягүл Қабылбекқызы.