"КазИнформ" Национальное Информационное агентство
АЛМАТЫ. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/- Бұл күндері еліміз бойынша Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауының маңыздылығы мен ерекшеліктері қызу талқыланып жатыр.
Біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арықбай Ағыбаевпен сұхбаттасып, Жолдау жайлы пікірін білген едік.
- Арықбай Нүсіпәлиұлы, Елбасының биылғы Жолдауының ерекшеліктері жайлы не айтар едіңіз?
-Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 1-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайтыны баршаға аян. Елбасының биылғы Жолдауы - еліміздің өркендеуінің алғышарты. Әр жыл сайынғы Президент жолдауы өз жаңалықтарымен, құнды идеяларымен, еліміздің жаңғыруына, өркендеуіне негіз болатын салмақты тұжырымдармен ерекшеленеді. Өйткені Перзидент Жолдауы еліміз үшін жыл сайынғы басты құжат. Президенттің биылғы Жолдауы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға арналып отыр. Осыған орай бұл Жолдау бүкіл халықтың көңілінен шықты, қазір ол мемлекетіміздің барлық аумақтарында, басқару, оқу-өндірістік салаларда, мемлекеттік емес ұйымдарда кең қолдау тауып отыр.
Биылғы Жолдаудың ерекшелігі - мемлекетіміздің және халықтың 2020 жылға дейінгі даму жолын айқындап беріп отырғандығында. Сонымен бірге ағымдағы жыл қазақстандықтар үшін ерекше қастерлі жыл - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланатыны да Жолдауда ерекше аталып өтті. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі толағай табысымыз аз болған жоқ. Мәселен, Тәуелсіздік алғаннан кейін 800 мыңнан астам отандасымыз шетелден туған жеріне оралған. Сондай-ақ Елбасы өз Жолдауында Қазақстан әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығарып өткізіп жатқанын жеткізді, бұл еліміздің қай салада болмасын алға жылжып жатқандығын көрсетеді.
"Қазақстан 20 жыл уақыт ішінде абыройы артқан елге, қуатты ұлтқа айналды", - деді өз Жолдауында Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Жолдауда жеделдетілген экономикалық жаңғырту - үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жалғасы екені көрсетіліп, осы жоспар аясында 152 кәсіпорынның ашылғаны, 24 мыңға жуық қазақстандық азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілгені, 2014 жылға дейін құны 8,1 триллион теңгені құрайтын 244 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отырылғаны, нәтижесінде 161 мың тұрақты жұмыс орны және құрылыс мерзімі кезінде 207 мың жұмыс орны ашылатыны айтылған. Міне, бұның бәрін ел тәуелсіздігінің және Мемлекет басшысының дұрыс шешімдер қабылдағандығының жемісі деп білемін.
Биылғы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі - жұмыссыздық деңгейін азайту, шағын және орта бизнестің үлесін арттыру, өндірістің сабақтас салаларын ұлғайту, индустрияландырудың өңірлік бағдарламасын жасап, жүзеге асыру жолдары айқын көрсетілген. Жолдаудың басты ерекшеліктері - ең алдымен үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы негізінде елді индустряландыру міндеттерін алға қойғандықпен, агроөнеркәсіп кешенін дамытумен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен, макроэкономикалық саясаттың жүзеге асырылуының негізділігімен байланысты. Сонымен қатар Жолдау салық жүйесін Қазақстанның жаңа сатыдағы даму міндеттерімен сәйкестендіру қажеттілігін алға қойғандықпен, инфляцияға қарсы күресті күшейтудің өзекті екендігімен, әлеуметтік саладан басқа, өзге барлық бағыттар мен бағдарламалар бойынша мемлекеттік шығындарды қысқартудың өзекті екендігімен ерекшеленеді.
- Жолдауда тағы қандай мәселелерге баса назар аударылған деп санайсыз?
-Жолдауда Қазақстанның қазіргі заманғы саяси жүйесін жетілдіруге, қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге, жалпы Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың өзекті мәселелеріне де ерекше мән берілген.
Алға қойылған осындай келелі мақсаттарға жету үшін елімізде қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге, құқық қорғау және сот жүйесі органдарының азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы қызметін жетілдіруге баса мән берілді, бизнеске заңсыз араласуды болдырмауды қамтамасыз ету міндеттері жүктелді.
Жолдауда қабылданатын заңдардың сапасын арттыруға айрыөша мән берілді. Заңдылықтың қатаң сақталуы мәселелерімен бірге, елімізге өте қажетті "Мемлекеттік бақылау мен қадағалау" туралы заңның алғаш рет қабылдануы да аталып өтті. Өйткені осы заңда бақылау жүргізудің бүкіл мемлекеттік органдар үшін қағидалары мен тәртібі белгіленген. Құқықтық мемлекет құрып жатқан Қазақстан мемлекеті үшін мұндай заңның қабылданғаны өте қуантарлық жәйт.
Әкімшілік реформаның іске асырылуы еліміздің басқару жүйесін жетілдіруге, олардың қызметінің тиімділігін арттыруға, елімізге кадр саясатының негізгі нысаны - халыққа, мемлекетке адал қызмет етуге зор септігін тигізеді.
Президент Жолдауында Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің арасында құрылған Кеден одағының пайдалы жақтары да терең қозғалды.
Жолдауда мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты - халықтың әл-ауқатын нығайтуға арналатыны ерекше көрсетілген.
Сондай-ақ Жолдауда білім беру бағдарламасына да өте қуанарлық жәйттар көрсетілген. Бүгінде мектептер компьютермен толық жабдықталған, орта білім берудің 12 жылдық моделі енгізілуде, кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұны толық жаңартылатын болды. Дамыған елдерде 1 миллион тұрғынға 1-ден 6-ға дейін жоғарғы оқу орны келетін болса, Қазақстанда 149 жоғары оқу орны бар екендігі айтылды.
Осы жылдан бастап диссертациялық кеңестердің жұмысы тоқталып, бұдан былай магистратура мен PhD докторлары дайындалатындығы айтылды. Бұл ғылымды өркендетудің дүниежүзілік стандартына сәйкес келеді. Университеттік білім беру мен тілді дамытудың жаңа деңгейін көтеру де басты міндеттердің бірі болмақ. Президент Жолдауында соңғы үш жыл бойы зейнетақы мен жәрдемақы, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақасы 2009 және 2010 жылы 25 пайызға көтерілгені, 2011 жылы 1 қаңтардан бастап зейнетақы 30 пайызға артқаны, ал бюджет қызметкерлерінің еңбекақысы 1 шілдеден бастап 30 пайызға өсетіні туралы нақты айтылған.
- Арықбай аға, биылғы Жолдаудың ел дамуындағы рөлі қандай болмақ?
- Жолдаудағы тұжырымдар мемлекетіміздің дамуы үшін қажеттіліктерден пайда болған әрі олардың жүзеге асырылу мүмкіндіктері мен механизмдері жан-жақты қарастырылған. Ендігі мәселе - әрбір қазақстандықтар осы Жолдауда белгіленген бағдарламаларды іске асыруға өз үлесін қосуы қажет. Бұл істе кең байтақ республикамыздың еңбеккерлерін алда атқарар қыруар істер күтіп тұр. Республикадағы облыс, қала әкімдері әлеуметтік бағыттағы осы құжат туралы облыс, қала активтері жиналыстарында сөз сөйлеп, баяндамалар жасауда. Қазір әр облыста әлеуметтік салада игі істер жүргізіліп жатыр. Мәселен ауылшаруашылығын дамыту, білім, денсаулық және әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалатын қаржының мөлшерін еселеп арттыру, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге, оқушылар мен студенттерге материалдық көмек көрсету, мектеп, тұрғын үй, балалар бақшаларын, денсаулық мекемелерін көптеп салу сияқты игі шаралар жылма жыл артып келеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы Жолдауы еліміз бойынша 2020 жылға дейін жүзеге асырылатын өрелі міндеттерді алға қойып, жұртшылықты жігерлендіріп отыр. Бұл міндеттердің орындалатынына сенімім мол. Қазақстан халқының әл-ауқатының артып, мемлекетінің гүлденіп, жетекші 50 мемлекеттің алғы шебінде болатын күнді көретін сәтте алыс емес.
- Әңгімеңізге рахмет!