«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

21 февраля, 2011

19 ақпан, 2011

Алыстан сөз қозғаған абыз

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осы білім шаңырағында әр жылдарда қызмет еткен әйгілі ғалым-ұстаз, тәлімгерлердің өмір және еңбек жолдарын кейінгі ұрпаққа үлгі етіп қалдыру мақсатында сериялық кітап шығаруды қолға алған болатын. Осыған орай, республикалық «Өнегелі өмір» атты кітап редакциясының қоғамдық кеңесі құрылып, бас редактор әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.М.Мұтановтың басшылығымен өз жұмысын бастап кетті.

Бүгінгі ғылым мен техника дамыған компьютерлік заманда жастар бойында патриоттық сезімді ояту, рухани сананы байыту, ұлттық дәстүрде тәрбие беру мақсатын көздеген бұл жоба алға қарай да белгілі ғалымдардың өмірбаянына арналған сериялық кітаптар шығаруын одан әрі жалғастырады. Осы үлкен бастаманың алғашқы кітабы белгілі ғалым, заңгер, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері, қазақ жұртының ұлы перзенті Салық Зимановтың 90 жасқа толу құрметіне арналып отыр. Оның бүкіл саналы ғұмыры ғылымға арналса, ұстаздық қызметі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аудиториясында өтті. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында нағыз ұрыс даласында болып, соғысқа бастан-аяқ қатысқан майдангер 23 жасында полк командирінің орынбасары болып қол бастаса, бейбіт өмірде ғылым майданының үлкен тобын басқарып келеді. Кітапқа абыз аға туралы Білім және ғылым министрі, академик Б.Жұмағұловтың, Бас прокурор Қ.Мәмидің, Жоғары соттың төрағасы М.Әлімбековтың т.б. лауазым иелерінің құттықтаулары, ой-толғамдарымен қатар, академиктер: М.Жұрынов, Қ.Ормантаев, С.Сартаев, Т.Шарманов, К.Сағадиев т.б. ұстаз-ғалымдардың көлемді туындыларымен қатар заң ғылымының заңғарындағы С.Зиманұлының ерлік істерін, ғылымдағы жетістіктерін жан-жақты көрсететін мақалалары топтастырылған. Сондай-ақ жаңа кітап ішінен бұрын ешкім қолына түспеген мұрағат құжаттарымен қатар, сирек фотосуреттер де кездестіруге болады.

Б.Рақымбекова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультеті деканының орынбасары