"Казинформ" национальное информационное агенство

23 февраля, 2011

Алматыда Марат Барманқұлов оқулары аясында халықаралық дөңгелек үстел өтпек

АЛМАТЫ. 23 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ағымдағы жылдың 25 ақпанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде белгілі ғалым, педагог,

жазушы, журналист, Қазақстандағы телевизия және радиожурналистика негізін салушы Марат Барманқұлов оқулары аясында халықаралық дөңгелек үстел өтеді.

Дәстүрлі «Барманқұлов оқулары» аясында «Ақпараттық қоғам жағдайындағы электронды БАҚ: ұлттық және жаҺандық мәселелері, таяу болашағы» атты дөңгелек үстелді телевизиялық және радиожурналистика кафедрасы мен М.Барманқұлов атындағы ҚазҰУ телерадио кешені бірлесіп өткізбек.

Дөңгелек үстел барысында "Ақпараттық қоғам жағдайында электронды БАҚ-тың дамуы", "Ақпараттық қоғамдағы жаңа БАҚ-тың дамуы", "Қазақстандағы телекоммуникациялық индсутрияның дамуы: мобильдік телефония, Интернет-пайдалану, коммуникациялық желілер және қызметтер" сынды тақырыптарда баяндамалар оқылып, талқыланбақ.

Аталмыш басқосуға бұқаралық коммуникация саласын зерттеуші ғалымдар, қазақстандық электронды БАҚ өкілдері, бұқаралық коммуникация саласының танымал зерттеушілері қатысады. Дөңгелек үстел жұмысы барысында Оклахома университетінің ғалымдарымен (АҚШ) онлайн-сұхбат өтеді деп күтілуде.

Марат Кәрібайұлы Барманқұлов Қазақстандағы алғашқы тележурналистердің бірі, телевизиялық және радиожурналистика теориясының, сондай-ақ телевизия және радиожурналистика кафедрасының, ҚазҰУ-дағы телевизиялық және радиостудияның негізін қалаушы. Құрметті профессор республикалық басылымдарда және электрондық БАҚ-тың әр саласында қызмет істейтін журналистердің құрметті ұстазы.

Ғалым-ұстаз қазақстандық журналистер арасында алғаш рет Интернет әлемінің маңызын, БАҚ-тың болашағы ғаламдық кеңістікте екенін атап кеткен. Сонымен қатар ол бірнеше тарихи кітаптардың және журналистиканың теориясы мен тәжірибесіне арналған оқу құралдарының авторы. Ғалымның «Хан Иван», «Хрустальные мечты тюрков о квадронации» және басқа да ғылыми-публицистикалық, тарихи-танымдық басылымдарын бүгінінгі жас ұрпақ та, зиялы қауым да аса қызығып оқиды. Жалпы ол 17-ге жуық кітап жазған.