"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газет

10 марта, 2011

Егемендіктің 20 жылдығына орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазақстан Тәуелсіз­дігінің 20 жылдығына – 20 ин­­но­вация» атты оқытушылар мен ғалымдардың 20 үздік инновациялық жобасын жүзеге асыру бағдарламасы өз жұмысын бастады.

Ғылым, білім беру және инновацияның орталығы болып саналатын әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дың бұл бастамасы әлемдік деңгейдегі орны бар зерттеу уни­верситетіне айналуға байланысты Мем­лекет басшысының Жолдауында қойылған нақты міндеттерді орындауға бағыттал­ған.

Инновациялық жобалар нано және биотехнология, энергетика, қоршаған ор­таны қорғау, дәрiгерлiк, ақпараттық техно­логиялар және қауiпсiздiк сияқты жаңа ғылыми технологиялардың өңдеу­лерiне бағытталады. Одан өзге де қызмет көрсету саласындағы инновациялық жобалар iске асырылып, жоғары білікті кадрлар даярлау мақсатында бiлiм беретiн бағдарламалар мен жаңа ғылыми жобалар да жүзеге асырылады.

Жобаларды жүзеге асырып, жетілдіруге қолдау ретінде университетте технология­лар трансфертi және коммерцияландыру нәтижелеріне жетуге негіз болатын ҒЗКТӨ орталықтары құрылды. Қазіргі уақытта инновациялық жобалардың конкурстық таңдауы жүргiзiлуде, ал сәуiр айында олар­ды iске асыру басталады.

Олардың бірінші тұсаукесері қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға және экономикалық тиімділігін жоғарылатуға айтарлықтай мүмкiндiк беретiн Алматы қаласындағы №2 ЖЭО-да (ТЭЦ) сирек кездесетiн плазмалы-жанармай жүйесін енгiзуден бастау алады.

Ақпараттық технологияларды дамытуда «Университеттің Электрондық Кампусы» және «ҚазҰУ-дың ұжымдық дата-орта­лығы» атты жобаларды iске қосу да жоспарда бар.

Жобалардың iске асырылу қорытын­дысы Тәуелсiздiк күні мерекесіне орай осы жылдың соңында, желтоқсан айында шы­ғарылады.