"Алматы ақшамы" қоғамдық-саяси апталық газет

8 апреля, 2011

Жақсы дәстүр жастарға жете берсін

6-Сәуір, 2011

Махаббат – сезімдердің патшасы. Ол – таңғажайып ертегі тәрізді, немесе ең тәтті түс сияқты. Бұл керемет сезімді басынан кешпеген адамзат баласы жоқ шығар, сірә. Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін де емес. Бізге аңыз боп жеткен осы асқақ сезімнің жаршысы – «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосы. Мазмұны: Ата салтымен сәби кездерінен атастырылып қойған екі жас өсе келе шын мәнінде бір-бірін өте жақсы көреді. Бірақ тағдырлары түйіспейді. Махаббаттары қайғылы оқиғамен аяқталады. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан аңыз әлі күнге елдің жадында.

Бұл дастанды келер ұрпаққа жеткізу бүгінгі буынның мерейлі міндеті. Былтыр көктемнің жайма шуақ күнінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультеті деканатының ұйымдастыруымен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күні аталып өтті. Университет алаңының алдында «Мәңгілік махаббат» атты шағын концерт қойылды. Ән думанға басқа университет студенттері де қатысты. Әр түрлі қызықты ойындар, жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар берілді. Келген қонақтарға «Мәңгілік махаббат» деп аталатын открыткалар таратылды. Концерт эстрада жұлдыздарының тамаша әндеріне ұласты. Махаббатқа арналған ән думан барынша тартымды да әсерлі өткен еді.

Өзіміздің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күні тұрғанда, өзгелердің мерекесіне қызығудың тіпті де қажеті жоқ. Ол намысымызға сын. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың құлағына халқымыздың жақсы дәстүрлері жете бергені абзал. Биыл да «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күніне дайындық жүріп жатыр. Осы махаббат мерекесі еліміздің өзге білім ордаларында да аталып отырса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.

Дидар ТАСЫБАЕВА,

ҚазҰУ-дің журналистика

факультетінің 2-ші курс

студенті.

«Қала және иманды» әзірлеген –

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ