"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газет
«Әл-Фараби» олимпиадасы аяқталды
ҚазҰУ-дың ғылыми мәжіліс залында «әл-Фараби» Олимпиадасының жабылу рәсімі өтті. Олимпиаданың салтанатты жабылу рәсіміне ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов пен «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік зерттеу орталығының директоры Ділдәш Бейтуова қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.
Олимпиаданы өткізудегі мақсат- түлектердің біліктілігін көрсетіп, шығармашылық көзқарастарын жан-жақты дамыту, болашақ мамандығын дұрыс таңдауда бағыт-бағдар беру. Олимпиада метаматика, тарих, биология, информатика, география, химия, физика, ағылшын, неміс, француз тілдері, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша өтті. Олимпиадаға қатысқан 14 мың оқушыдан 38 бала жеңімпаз атанды. 38 оқушыға арнайы диплом берілді, 3200 оқушыға сертификат тапсырылды.
Олимпиаданың жабылу рәсімі ғарыш кеңістігіне адамзат ұшуының 50 жылдығына тұспа-тұс келді. Механика-математика факультеті механика кафедрасының меңгерушісі Айдархан Қалтаев ғарышкерлер күніне 50 жыл толуына орай құттықтау сөзін айтып, арнайы даярланған слайдпен таныстырды. Жүргізушілер осы мерекені атап өтіп, жабылу рәсімінің бағдарламасын жүргізді.
20 ақпаннан 6 наурызға дейін университет оқытушыларынан құралған комиссия тобы республиканың 14 облысына барып қайтты. Комиссияның құрамында профессорлар, доктор және ғылым кандидаттары болды. Шараға 1228 «Алтын белгі» үміткерлері, 102 республикалық олимпиадалардың, 1096 аудандық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, 37 спортшы бақ сынасты.
ҚазҰУ ректоры: «Осында жиналған жеңімпаздар өз білімдерінің, талаптарының күштілігін көрсетіп отыр. Олар өз құрдастарының ортасында топ жарып, үздік танылғандар», - деп тілек білдірді.
ҚазҰУ қабырғасында тәлім-тәрбие беріп жүрген «Болашақ» бағдарламасының түлектері университет қызметі, интернет орталығы мен ҚазҰУ қалашығы, мұражаймен таныстырып, студенттер дайындаған «Студенттердің академиялық мобильділігі» атты бейнесюжеттің тұсауын кесті.
Еркін ҚАЛДАН