"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
Ұлттық университет Наурызды тойлады
Елімізде Ұлыстың ұлы күні – Наурызды тойлау жалғасып жатыр. Жуырда Алматы халқы мен қала қонақтары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ауласына жиылды. Көшбасшы оқу орнының мұрындық болуымен Әз-Наурыз тойы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алаңында тойланды.
Бұл тойға елімізге сыйлы жақсылар мен жайсаңдар көп келді. Ашық аспан астындағы кең сахна қызылды-жасылды түске боялып, көпшілік көрерменге көктемнің өзіндей нағыз мерекелік көңіл күй сыйлады. Ұлттық университет ұжымы бұл тойда өнерлі ұл-қыздарға кенде еместігін байқатты. Наурыз-айтысты орындаған ақын жігіттер, әсем күймемен «Гәкку» айтып келген университет арулары, сәйгүліктің құлағында ойнаған шабандоздар, әншілер мен бишілер тойдың ажарын ашты. Жоғары білім қара шаңырағында құрылған «Фараби сазы» ұлт-аспаптар оркестрі орындаған күйлер кім-кімді де елітпей қоймады. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға барлығы 3000-нан астам студент қатысты. Төрт қанатты киіз үйлер тігіліп, тойдың басты дәмі – наурызкөже таратылды. Үлкен-кіші, кәрі-жас қосылып студенттер дайындаған концерттік бағдарламаны тамашаласа, қазақтың ұлттық киімін киген жастар алтыбақан теуіп, ән айтты. Университеттің талантты жастары бар өнерлерін ортаға салып, қазақ халқының атадан балаға мұра болып қалған салт-дәстүрін еске түсірді. Мерекелік шара аясында университетте «Наурыз – жаңару идеясы» атты тазалық жұмыстарының қорытындысы жарияланып, «Ең таза аймақ» байқауы бойынша жүлделі бірінші орынды философия және саясаттану факультеті мен биология факультеті жеңіп алды.
Ғалымқайыр Мұтанов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры:
– Наурыз мейрамы – күн мен түн теңелетін, жақсылыққа жол бастайтын табиғи құбылыс. Бейбітшіліктің, бірлік пен тірліктің мейрамы. Жақында ғана бір ауыздан ҚР Президентін сайладық. Бұл жаңа бастаманың кезеңі деп ойлаймын. Болашағымыз жарқын болатындығына сеніміміз мол. Елбасы өркендеудің, жаңғырудың нышандарын алға тартып отыр. Ұлттық зерттеу орталығы ретінде ҚазҰУ өз кезегінде осы талаптарды орындауға атсалысып келеді.
Автор: Болатбек Мұхтаров