"КазИнформ" Национальное информационное агентство

24 мая, 2011

АЛМАТЫ. 24 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - мамырдың 26-27 аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде дәстүрлі Бекмаханов оқулары аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік пікір алмасу өтеді,

деп мәлімдейді аталған университеттің баспасөз қызметі.

Жаңа форматта өткізілгелі отырған пікір алмасудың мақсаты Қазақстан тарих ғылымын қазіргі құбылыстың сыртқы көрінісін ғана суреттейтін эмпирикалық деңгейден құбылыстың ішкі мән- мағынасын, мазмұнын ашатын теориялық деңгейге көтеру.

Жиын барысында Қазақстан тарих ғылымының теориялық-методологиялық проблемалары, қазақ тарихының ұғымдық және терминологиялық мәселелері, тарих ғылымы мәселелерінің тарихнамасы, деректанудың теориялық және қолданбалық сипаттары және кәсіби тарихшы-мамандар даярлау мәселелері талқыланады.

Факультет ұжымы өзара ақылдаса келе, жалпы ғылыми конференцияларды, оның ішінде Бекмаханов оқуларын да, өткізудің қалыптасқан және өзін-өзі толық тауысқан жүйесінен бас тартып, жаңа форматта өткізуді көздеп отыр. Өйткені, біріншіден, уақыт талабына және «Ғылым туралы заңға» сай республика бойынша білім беру және мамандар даярлаудың жаңа жүйесіне көшуі кәсіпқой тарихшылардан ғылыми-зерттеу жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруді талап етіп отыр. Екіншіден, кеңестік кезеңнен қалған Қазақстанның тарих ғылымын түбегейлі қайта құру арқылы қазіргі эмпирикалық деңгейден теориялық деңгейге көтеру де кезек күттірмейтін мәселе болып табылады. Үшіншіден, уақыт бізден замануи талапқа сай келетін тарихшы -зерттеушілердің жаңа буын өкілдерін, яғни теориялық дайындығы терең кәсіби мамандар даярлауды қажет етіп отыр. Осылар және басқа да факторлар бізден ғылыми конференциялар өткізудің жаңа және тиімді жолдарын іздестіруді талап етеді.

Кезекті Бекмаханов оқуларын жаңаша өткізудегі мақсат, тарих ғылымының ең өзекті бірнеше макропроблемалары бойынша еркін пікір алмасу арқылы, бүгінгі Қазақстан тарих ғылымының реальды жағдайы мен нақты теориялық-методологиялық проблемаларын айқындау және мүмкіндігінше оларды шешу жолдарын іздестіру.

Барлық иллюзиялардан, дәлірек айтқанда, өзімізді өзіміз алдаудан бас тартып, Қазақстан тарих ғылымының нақты реальды жағдайын анықтап алмай, тарих ғылымын өз дәрежесінде дамыту мүмкін емес. Ал, ғылымның земанауи жетістіктеріне сай дамыған тарих ғылымынсыз танымдық әлеуеті мол, ұлттың жады міндетін атқара алатын, жүйелі де объективті қазақ тарихының жазылуы да мүмкін емес. Оның заңдылық екендігін уақыт толығымен дәлелдеп берді.

Мәселенің ұлт тағдыры үшін аса маңыздылығын ескере отырып, ұйымдастыру алқасы қазақ тарихы, Қазақстанның тарих ғылымы туралы пікір айтамын деген тарихшы мамандарды және басқа да ұлт тарихының жанашырларын Қазақстанның тарих ғылымының бірнеше макропроблемаларын бірігіп талқылау мақсатында пікір алмасуға шақырады.

Мәселенің аса маңыздылығына және қойылып отырған проблемалардың күрделілігіне байланысты біз Бекмаханов оқуларына үлкен дайындықпен келу қажет деп білеміз. Оған Алматы қаласының тарихшы ғалымдары мен БАҚ және жұртшылық өкілдерін шақырып кең көлемде пікір алмасу қажет. Пікір алмасуға шетел ғалымдары да қатысады деп күтілуде.

16 сәуірде бейресми дөгелек үстел басында еркін пікір алмасу өткізіліп, конференция бағдарламасы бекітілген.

Қорытынды отырыс 26-27 мамырда өтетін Бекмаханов оқулары. Онда Қазақстанның тарих ғылымының көрсетілген макропроблемалары анықталып, талқылануы тиіс.

Пікір алмасуда бұрынғыдай әр кім өз тақырыбымен келмейді және олар жарияланбайды. Тек көрсетілген проблемалар бойынша айтылған пікірлер тыңдалып, нақты мәселеле бойынша айтылған нақты ой-пікірлер жарияланды.