"КазИнформ" Национальное информационное агентства
Ұлттық зерттеу университеті атағына лайықталған оқу орындарының бюджетіне Үкіметтен қосымша 2 миллиард теңге бөлінеді - Б.Жұмағұлов
АЛМАТЫ. 27 мамыр. ҚазАқпарат (Әділет Мұсахаев) - Мұндай оқу ғимараттарының бой көтеруі, университеттің дамуы, жаңа мақсаттардың барлығы Елбасының тапсырмасымен ғылымды, білімді дамытуға жасалынып жатқан игі шаралар деп білемін.
Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ҚазҰУ қалашығында ашылған Механика-математика факультетінің жаңа оқу ғимаратымен және университетте атқарылып жатқан инновациялық жобалармен танысу барысында осылай айтты.
Министр Ғылым туралы жаңа заң қабылданғалы да біршама тың жұмыстар атқарылып жатқандығын айтып өтті. «Алда бұл салада тағы бір заң әзірленуде. Елбасы Жолдауында айтқандай, Қазақстанда екі жоғары оқу орны ұлттық зерттеу университетіне айналуы керек. Ол үшін талап та, міндет те, жауапкершілік өте жоғары. Ұлттық зерттеу университеті дегеніміз - ғылым, білім, инновация қатар жүргізілетін орда. Бұл тұста әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де, басқа да жоғары оқу орындары Елбасы тапсырмасын атқаруға барынша тырысып жатыр», -деді өз сөзінде минситр.
Сонымен қатар ол қаншама білім ордаларының ішінен суырылып алға шығу, ұлттық зерттеу университетіне айналу үшін жоғары көрсеткіштер үдесінен шығу керектігін де жеткізді. «Елімізде 148 университет бар екен, сапаны жақсарту үшін 20-25 ЖОО-ны ғана қалдыру керек",- дейді Б. Жұмағұлов.
Сондай-ақ, Бақытжан Тұрсынұлы алда ұлттық зерттеу университеті атағына лайықталған оқу орындары бюджетіне Үкімет тарапынан қосымша 2 миллиард теңге қаржы бөлінетіндігін айтты. Отандық университеттер алдында ең үздік екі ұлттық зерттеу университетіне айналу міндетімен қоса, ҚР Білім және ғылым министрі отандық жоғары білім беру кеңістігінде 10 университетті инновациялық жолмен жүретін білім ордаларына айналдыру міндеті тұрғандығын да тілге тиек етті. Министрдің бұл баяндамасы отандық білім және ғылым кеңістігінің ғалымдарына әлемдік дамыған көш басшы университеттер қатарынан орын алуда қандай мақсатты орындау керектігін тағы бір айқындап берді.