«Президент және халық» Республиканская общественно-политическая газета

3 июня, 2011

28 мамырда студенттік кампус – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығында «ҚазҰУ түлегінің күні» аталып өтті. Бұл мереке ҚазҰУ түлектер қауымдастығының шешімімен және ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің ұйғарымымен жүзеге асып отыр. Алда бұл мереке жыл сайын мамыр айының соңғы сенбісінде аталып өтілетін болады.

Бұл күні ҚазҰУ қалашығында университеттің әр жылғы түлектері бас қосып, студенттік шақтың қызықты сәттерінен сыр бөлісті. «ҚазҰУ түлегінің күні» қалашықтағы әл-Фараби және Ө.А.Жолдасбеков ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталды. ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов бастаған бұл топтың қатарында ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, 1951 жылғы ҚазҰУ түлегі Кенжағали Сағадиев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов және Алматы қаласының прокуроры Әмірхан Естаев сонымен қатар бірнеше зиялы қауым өкілдері бар.

Одан кейін Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «ҚазҰУ түлегінің күні» салтанатты түрде ашылды.

- Қоғамда кәсіби мерекелер жетерлік. Солардың қатарына бүгін тағы бір мереке қосылып отыр. Ол – «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегінің күні». Әлемдік университеттер тәжірибесіне үңілетін болсақ, жоғары оқу орындарының дамуына үлкен үлес қосатын бірден-бір қозғаушы күш – сол университеттің түлектері екен. Бұл мереке университет күнтізбелігінде, қара шаңырақ тарихында алтын әріптермен белгіленетіні сөзсіз. Мереке университет түлектеріне деген үлкен ықыласты танытады. Біз жақсы дәстүрді бастап отырмыз, алда да жалғасын табады, - деп атап өтті өз сөзінде ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы.

Сонымен қатар еліміздің киелі білім және ғылым ордасының басшысы университет түлектеріне қашанда есік ашық екендігін айтып, өздерінің төл университеттеріне жиі келіп тұруға шақырды. Одан кейін сахнаға ҚазҰУ түлектері қауымдастығының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, ҚазҰУ заң факультетінің 1979 жылғы түлегі, факультет деканы Дәулет Лайықұлы ҚазҰУ түлектер қауымдастығының атқарған қызметтерімен таныстырып өтті. Баяндамадан белгілі болғандай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері де өз деңгейінде төл университеттеріне қолдау көрсетіп жүреді. Жатақханаларды жабдықтау, жөндеуден өткізу, техникалық қамтамасыз ету және тағы да басқа жұмыстарда түлектер аты аталып жатты. Сонымен қатар қалашықтағы Ө.А.Жолдасбеков ескерткіші де түлектер қолдауының нәтижесі екендігі айтылды.

Бұдан кейін университеттің әр жылғы түлектері өз естеліктері мен қара шаңыраққа деген жылы лебіздерімен бөлісті. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сағадиев Кенжағали: «ҚазҰУ бізге халыққа адал қызмет етуді үйретті. Университеттен алған тәрбие ой-санамызды бекітті. Мансапқа, қызметке жетуіме ашылған жол – ҚазҰУ білімімен келді. Бұл мереке арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда. Бұл өте орынды мереке», - дей келе әлі күнге дейін қызығы мен шышығы мол студенттік шақ және ұстаздар ұлағаты есінде екендігін айтып, өз төл университетіне арнайы алып келген қонақкәдесімен бөлісті. «Менің университетке деген алғысым шексіз. Осы орайда «ҚазҰУ түлегі күніне» арнайы сыйлығымды ала келдім. Менің атымнан он жыл қатарынан, жыл сайын университеттің ең озат студенттеріне 5 стипендия ұсынып отырмын», - дейді депутат Кенжеғали Сағадиев.

Аға буын алғыстарынан кейін білім, спорт, шығармашылық, қоғамдық және ғылыми жұмыста өзін жан-жақты көрсете білген студенттер «Университеттің оқу озаты», «Студенттік өзін-өзі басқарудың көшбасшысы», «Зерттеуші – жас ғалым», «Үздік көркемөнерпаз» және «Үздік спортшы-түлек» дипломдарымен марапатталды. Университетті биыл тәмамдағалы отырған түлектер сөз алып, қимай қоштасатындықтарымен бөлісті. Салтанатты шара Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің концертіне ұласты. Бұдан кейін түлектер әр факультеттерге барып, арнайы кездесті. Кешке «ҚазҰУ түлегінің күні» түлектер балымен қорытындыланады.

Саягүл ӘЛІМБЕКОВА