«Айқын» Республиканская общественно-политическая газета
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың бастамасымен жыл сайын студенттер отрядтары құрылып, белсене жұмыс істейді. Олардың әрқасысының өзіндік тәртіп жүйесі мен атқаратын қызметтері әртүрлі болғанымен барлығының мақсаты бір – тәртіпті қадағалау болып табылады.
Қоғамдық тәртіпті қадағалай отырып олар өздерімен тағы бір істі алып жүреді, яғни қоғамдық орындардағы тазалық тазалық сақтау жұмысын қадағалайды. Мысалы, алдыңғы жылы Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында оқитын 700-ден аса студент ішкі істер органдарына қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектескен болатын. Соның нәтижесінде әр топқа 25 адамнан бөлінген студент топтары қаладағы жастар көп шоғырланатын жерлердегі қоғамдық тәртіптің сақталуын біршама жақсартты деп айтуға болады. Жоғары оқу орындарында жыл сайын студент тәртіп жасағының көлемі артып келеді. Олар «Құқықтық тәртіп сақтау жасағы» деген ішкі істер органдарының арнайы куәліктерімен және төс белгілерімен қамтамасыз етілген. Студенттер жасағы қоғамдық тәртіпті қадағалаумен ғана шектелмейді, сондай-ақ қала тазалығы үшін де жауапты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студент құрылыс жасағы да осы бағытта көптеген жұмыстар атқарып жатыр.
-ҚазҰУ қалашығында 176000 студент оқиды. Оның ішінде бізде 14 жатақхана бар. Осы жатақханаларда бүгінгі таңда бес мыңнан астам студент тұрады. Біздің ҚазҰУ қалашығындағы студенттерден құралған құқықтық тәртіп сақтау жасағы жоғары деңгейде жұмыс істейді деп айта аламын. Неге десеңіз, біздің студенттер қалашық аумағындағы қызметтеріне уақытымен келіп, өз жұмыстарын мінсіз атқарады. Оларға қойылатын басты талап – қалашықтың тәртібін қадағалау мен тазалығын сақтау. Студент құрылыс жасағы өте белсенді түрде жұмыс істейді. Жасақ, негізінен, әлеуметтік жағынан мұқтаж адамдардан құралады. Олар жаз айларында жаппай жұмыс істеп, ҚазҰУ территориясын тазалау барысында жұмысқа тартылады. Жаз бойы қалашықты тазартуға жұмысқа қалатын студенттеріміз жыл сайын артып келеді. Студенттер жасағына барлық жағдай жасалған, үш мезгіл тамақ беріледі, жатақханамен қамтамасыз етілген және осыған қосымша жалақы тағайындалған. Бізде студенттер жұмысқа жыл сайын тіркеледі. Қазіргі таңда алпыстай студент жасақ құрамында қызмет атқарып жүр. Студенттер жасағы арнайы киімдермен, ішкі істер органдарының арнайы төс белгілері және куәліктерімен қамтамасыз етілген. Сондықтан шығар, осы оқу жылында ҚазҰУ қалашығында бірде-бір тәртіп бұзушылық тіркелген жоқ. Себебі студентерден құралған отрядтарымыз тәртіп бұзушыларға қарсы іс-шаралар жүргізіп отырады. Соның салдарынан бізде қылмыс, бұзақылық жасау немесе қалашықты ластау сияқты тәртіп бұзушылық оқиғалар кездеспейді, - дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалашығының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Әбдіқаһар Сейітжанов.
Эльмира Мәтібаева,
ҚазҰУ-дың 1 курс студенті