"Айқын" Республиканская общественно-политическая газета

6 июня, 2011

Бұл есім Оңтүстік Қазақстандағы Төле би ауданы Қасқасу елді мекеніндегі «Мыңшейіт» деп аталатын әулиелі жермен байланысты. Гүлперизат ана жақында ғана майданнан, бір қолынан айырылып оралған Әбдез есімді жас жігітпен шаңырақ көтеріп, бірақ ұзақ жылдар перзент көтере алмай жүреді.

Ауылдың іргесінде «Мыңшейіт» деп аталатын киелі жерде жаугершілік заманда шейіт болған мың сарбаздың бейіті болатын. Намаз үстінде қырылып кеткен осынау сарбаздардың сүйегін сол ауылда жалғыз аман қалған жас нәрестелі ана бірнеше күндер мен түндер көз ілмей, бір өзі сәбиін емізе жүріп барлығын ақ арулап, жер қойнына тапсырған. Перзент сүйе алмай жүрген аналар сол мың сарбаздың аруағына сыйынып Алладан бала тілейтін дәстүр бар екен. Гүлперизат ана да тура солай бір апта зиратта түнеп, дұғасын оқып, сол сарбаздар жатқан төбешіктерді шөптен тазартып, күтіп, баптап перзент сұраған. Тілеуі қабыл болып, жас анаға құдіреті күшті жаратқан иеміз үш ер бала сүюді жазады. Қуанышы қойныны сыймаған Әбдез әке туған жер үшін қан төккен, шейіт болған сол сарбаздардың құрметіне үлкен ұлының есімін Қансейіт, ортаншысын Бексейіт, кенжесін Тоқсейіт деп атаған. Үшеуін де аруақтар қолдап елге танымал азамат болды. Бексейіт Түлкиевтің есімі күллі қазаққа әйгілі суретші ретінде тарихта қалды. Қансейіт қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, Ш.Айтматов атындағы халықаралық академияның академигі, белгілі әдебиетші-ғалым.