Газета «Жас қазақ»

6 июня, 2011

28 мамырда студенттік кампус – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығында «ҚазҰУ түлегінің күні» аталып өтті. Бұл мереке ҚазҰУ түлектер қауымдастығының шешімімен және ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің ұйғарымымен жүзеге асып отыр. Алда бұл мереке жыл сайын мамыр айының соңғы сенбісінде аталып өтілетін болады.

Бұл күні ҚазҰУ қалашығында университеттің әр жылғы түлектері бас қосып, студенттік шақтың қызықты сәттерінен сыр бөлісті. «ҚазҰУ түлегінің күні» қалашықтағы әл-Фараби және Ө.А.Жолдасбеков ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталды. ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов бастаған бұл топтың қатарында ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, 1951 жылғы ҚазҰУ түлегі Кенжағали Сағадиев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов және Алматы қаласының прокуроры Әмірхан Естаев сонымен қатар бірнеше зиялы қауым өкілдері бар.

Одан кейін Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «ҚазҰУ түлегінің күні» салтанатты түрде ашылды.

- Қоғамда кәсіби мерекелер жетерлік. Солардың қатарына бүгін тағы бір мереке қосылып отыр. Ол – «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегінің күні». Әлемдік университеттер тәжірибесіне үңілетін болсақ, жоғары оқу орындарының дамуына үлкен үлес қосатын бірден-бір қозғаушы күш – сол университеттің түлектері екен. Бұл мереке университет күнтізбелігінде, қара шаңырақ тарихында алтын әріптермен белгіленетіні сөзсіз. Мереке университет түлектеріне деген үлкен ықыласты танытады. Біз жақсы дәстүрді бастап отырмыз, алда да жалғасын табады, - деп атап өтті өз сөзінде ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы.