«Алматы ақшамы» общественно-политическая газета

6 июня, 2011

Жуырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығында «ҚазҰУ түлегінің күні» аталып өтті. Бұл мереке ҚазҰУ түлектер қауымдастығының шешімімен және ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің ұйғарымымен жүзеге асып отыр.

«ҚазҰУ түлегінің күні» қалашықтағы әл-Фараби және Ө.А.Жолдасбеков ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталды. ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов бастаған бұл топтың қатарында ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, 1951 жылғы ҚазҰУ түлегі Кенжағали Сағадиев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов және Алматы қаласының прокуроры Әмірхан Естаев сынды бірнеше елге белгілі азаматтар бар.

Жиын салтанатты түрде Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «ҚазҰУ түлегінің күні» салтанатты түрде ашылды. Өз кезегінде сөз алған университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов бұл мерекенің келешекте әр жылдың мамыр айының соңғы сенбісінде аталып өтілетінін айтты.

- Қоғамда кәсіби мерекелер жетерлік. Солардың қатарына бүгін тағы бір мереке қосылып отыр. Ол – «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегінің күні». Әлемдік университеттер тәжірибесіне үңілетін болсақ, жоғары оқу орындарының дамуына үлкен үлес қосатын бірден-бір қозғаушы күш – сол университеттің түлектері екен. Бұл мереке университет күнтізбелігінде, қара шаңырақ тарихында алтын әріптермен белгіленетіні сөзсіз. Мереке университет түлектеріне деген үлкен ықыласты танытады. Біз жақсы дәстүрді бастап отырмыз, алда да жалғасын табады, - деді ол.

Одан кейін сахнаға ҚазҰУ түлектері қауымдастығының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, ҚазҰУ заң факультетінің 1979 жылғы түлегі, факультет деканы Дәулет Лайықұлы ҚазҰУ түлектер қауымдастығының атқарған қызметтерімен таныстырып өтті. Баяндамадан белгілі болғандай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері де өз деңгейінде төл университеттеріне қолдау көрсетіп жүреді. Жатақханаларды жабдықтау, жөндеуден өткізу, техникалық қамтамасыз ету және тағы да басқа жұмыстарда түлектер аты аталып жатты. Сонымен қатар қалашықтағы Ө.А.Жолдасбеков ескерткіші де түлектер қолдауының нәтижесі екендігі айтылды.

Бұдан кейін университеттің әр жылғы түлектері өз естеліктері мен қара шаңыраққа деген жылы лебіздерімен бөлісті. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжағали Сағадиев университет басшылығына алғысын білдіре отырып, студенттерге өз тарапынан : «ҚазҰУ бізге халыққа адал қызмет етуді үйретті. Университеттен алған тәрбие ой-санамызды бекітті. Мансапқа, қызметке жетуіме ашылған жол – ҚазҰУ білімімен келді. Бұл мереке арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда. Бұл өте орынды мереке», - дей келе әлі күнге дейін қызығы мен шышығы мол студенттік шақ және ұстаздар ұлағаты есінде екендігін айтып, өз төл университетіне арнайы алып келген қонақкәдесімен бөлісті. «Менің университетке деген алғысым шексіз. Осы орайда «ҚазҰУ түлегі күніне» арнайы сыйлығымды ала келдім. Менің атымнан он жыл қатарынан, жыл сайын университеттің ең озат студенттеріне 5 шәкіртақыны келесі оқу жылы да ұсынатынын айтты. Аға буын алғыстарынан кейін білім, спорт, шығармашылық, қоғамдық және ғылыми жұмыста өзін жан-жақты көрсете білген студенттер «Университеттің оқу озаты», «Студенттік өзін-өзі басқарудың көшбасшысы», «Зерттеуші – жас ғалым», «Үздік көркемөнерпаз» және «Үздік спортшы-түлек» дипломдарымен марапатталды. Университетті биыл тәмамдағалы отырған түлектер де өз кезегінде сөз алды.

Салтанатты шара Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің концертіне ұласты. Бұдан кейін түлектер өз факультеттерінде болды. Кеш соңы түлектер балымен қорытындыланады.

Әйгерім Райысқызы