"Айқын" Республиканская общественно-политическая газета

8 июня, 2011

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетінің Баспа ісі және БАҚ дизайныкафедрасынан сүйінші хабар жетті. Оқу орны алдағы оқу жылынан бастап, дизайнер мамандығы бойынша да маман дайындайтын болыпты. Білім және ғылым министрлігінен арнайы лицензия алып қойған факультет бұған дейін жалпы журналистика, баспа ісі, қоғаммен байланыс мамандарын даярлап келсе, ендігі жерде студенттер дизайнер маманы болып та шығады.

Сүйінші хабарды жеткізген аталмыш кафедра меңгерушісі Сағатбек Медеубекұлының айтуынша, бүгінде мамандық бойынша оқу бағдарламалары әхірленіп, оқу сағаттары есептеліп, университет қызметкерлері қызу дайындыққа кіріскен.

- Дизайн – шығармашылық мамандық болғандықтан, оқуға қабылдау емтихандары да шығармашылық түрде өтеді. Яғни талапкерлер сурет салу, графика, композиция жасау, түс айыру секілді емтихан сынақтарын тапсырады. Факультет бұған дейін жалпы журналистика мамандығы бойынша шығармашылық емтихандарды тапсырып келсе, енді жаңаша емтихан да алынатын болады. Білім және ғылым министрлігінің жарлығы бойынша, шығармашылық емтихандары 1-10 шілде аралығында өтеді, біздің факультетте екі түрлі шығармашылық емтихандары өтетін болғандықтан, бір-біріне кедергі келтірмес үшін емтихан графигі өзгеруі мүмкін. Шығармашылық емтихан уақыттары кейінірек тағы хабарланады. Оқу мерзімі – 5 жыл, одан ары ғылымға бет бұратындар магистратура, докторантурада оқи алады, - дейді С.Медеубек.

Жаңа мамандыққа оқуға түскен талапкерлер газет-журнал, теле, веб, полиграфиялық өнімдер, жарнама және компьютерлік дизайнды меңгереді. Бұл мамандықты игерген студент баспаханаларда, өндіріс орындарында, дизайнерлік орталықтарда, газет-журнал редакцияларында сұранысқа ие. Оқу сапасын арттыру мақсатында факультетте екі жылдан бері материалдық-техникалық базаны жақсарту жұмыстары қолға алынған екен.

- 3 компьютерлік сынып пен бір шеберхананы жабдықтап қойдық. Мұнда студенттердің шығармашылық еркіндікке қол сермеуіне жағдай жасалған. Жаңа мамандықты оқытуды енді ғана қолға алып жатқандықтан, әзірге студенттер өзіне қажетті, планшет, акварель, қалам-қарындаштарын өздерімен алып келеді. Мальберт біздің тараптан ұсынылады. Алайда алдағы жылдарда барлық жабдық университет тарапынан берілетін болады. Әлбетте, оқудың сапалы болуы – білікті, тәжірибелі мамандарға тікелей байланысты. Соған орай, кафедрада сабақ беруге «Жазушы» баспасында 25 жыл бойы суретші болып қызмет атқарған Бейсен Серікбайды, Қойшыбек Мүбәрәкты, Қарлығаш Мергенбаеваны тартқанбыз. Олар қазірдің өзінде балаларға сабақ өтіп жатыр. Енді алдағы уақытта Балташ Оспанов, Жұмабай Болатаев сынды осы саланың білімді де білікті мамандарын дәріс оқуға шақырып отырмыз, - дейді кафедра меңгерушісі.

Нұрболат Аманжол