"Заң" республиканская ежедневная газета
Жастар тәрбиесіне жан-жақты көңіл бөлген елдің болашағы қай кезде де жарқын болары анық. «Нұр-Отан» партиясының XIII съезінде Елбасы: «Болашақ қазақстандықты тәрбиелеу – мемлекеттің жастар саясатындағы басты мақсаты», – деп көрсетті.
Жақында Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Білім және ғылым министрлігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесіп өткізген «Қазіргі заман жастарына рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру: тәжірибе, мазмұн, даму болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы да нәтижелі болды. Интеллектуалды ұлт қалыптастыруда адами қасиеттер құндылығын жаңғыртуды басты назарға алған жиынға қатысушылар жаһандану кезеңінде тәрбиеге баса назар аудару керектігін айтып жатты. Осы басқосуда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов: «Бүгінгі заман жастарын тәрбиелеу – болашаққа бағытталған үрдіс. Рухани тәрбиемен нұрланбаған жас өзінің алған білімін қара басының пайдасына жұмсап, өз мүддесін ғана ойласа, онда ол ешқашан елінің өркендеуіне үлес қоса алмайды», – деді.
Ғұлама ұстаз атанған әл-Фарабидің пікірінше, адам парасатты күйінде тумайды, оның бойында парасаттылыққа бейімділіктің нышаны ғана болып, олардың тағдыры алған тәрбиесі мен әлеуметтік ортасына байланысты болады. Сондықтан, әрбір жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасуы үшін ең алдымен ақыл-ой, адамгершілік, ізгілік және еңбек тәрбиесін беру керек.
Тәрбие теориясын жасау барысында әл-Фараби: «Тәрбиенің теориясы ғылымға негізделуі шарт» дейді. «Тәрбиені неден бастау керек?», «Философияны үйрету үшін алдын ала не білу керек?», т.б. еңбектерінде оқу-білім, ғылым, тәрбие алу тікелей тәрбие әдістеріне де байланысты екендігіне ғылыми тұрғыдан келеді. «Ғылымдардың шығуы», т.б. еңбектерінде ғылымдарды меңгеруде тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің тағылымын өнеге, тәлім етіп көрсетеді Әл-Фараби тәлім-тәрбие берушіні өте жоғары бағалап, «мәңгі нұрдың қызметшісі» деп атаған.
Қоғамның рухани-әлеуметтік жаңғыруына бірден-бір негіз бола білетін күш – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де тәрбие тұжырымдамасын да жаңа сипатқа ие. Университетімізде қалыптасқан кураторлық-эдвайзерлік жұмыс тәрбие жұмыстарының басым бағыты – студенттің тұлға болып дамуына бағытталған. Студенттерге оқуға ұсынатын әлемдік деңгейдегі 100-ден аса шығармалардың тізімі жасалып, оқытушы-профессорлар құрамы, «Ақсақалдар кеңесі» өздері үлгі болып, кітап оқуға құмарлығын арттыруды іске асыруда. Бастама студенттер тарапынан қолдау тауып, «Мен кітапты сүйемін» акциясын ұйымдастырды. «Жаңа формациядағы қазақстандықтарды тәрбиелеу және Қазақстанды әлемдегі ең бір әлеуетті, бәсекеге қабілетті адами капиталға ие елге айналдыруды» көздеп отырған «Интеллектуалды ұлт -2020» ұлттық жобасының мәні зор. Жақында «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің корпоративті мәдениет кодексі», «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентінің ар-намыс кодексі», оқытушы және студент туралы ережеде қабылданды. Студент жастармен жұмыс жасаудың тиімді бір тетігі – клубтық жұмыстар да жандандырылды. Мысалы, сондай бір студенттік клуб – «Болон үдерісі бойынша студенттік бюро» бастамасымен «шпаргалкаға» қарсы «Анти шпора» және «Таза сессия» акцияларының өтуі, сапалы білім – болашаққа айқын жол екендігін жастарымыз қаншалықты шынайы бағалайтындығын көрсетті.
Еліміздің ең басты құндылығы – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына қатысты «20 жылдыққа – 20 инновациялық жоба» бағдарламасы бойынша дайындалған жобалардың барлығы жастарымыздың сапалы біліммен қатар ғылымды дамыту жолында кәсіби білікті маман болып қалыптасып, өркениетті елдер қатарында өзіндік орны бар туған елі үшін мақтанышпен қызмет ететін елжанды, рухы мықты азаматтарды қалыптастыруға бағытталған. Жуырда ғана «Жез қоңырау» атты студенттік альманахтың екінші кітабының тұсауы кесілді. Ақын Иран-Ғайып «Қара өлеңде қасиет барын ұққандар» деп баға берген поэзия жанрындағы жастар туындыларымен қатар, көсемсөз, проза жанрындағы шығармалары да топтастырылған.
Жастар – болашақ кепілі. Жарқын болашағына сенімді өнегелі тәрбиесі бар сауатты ұрпақ, өзімен бірге ұлтын, елін бақытқа жеткізетіндігіне сеніміміз мол.
Гүлнәр СӘРСЕНБЕКОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту
департаментінің
директоры