"КазИнформ" Информационное национальное агентсва
Жаңа оқу жылында жаңа кітапхана ашылды
АЛМАТЫ. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Елбасының биылғы халыққа Жолдауында әлеуметтік жаңғыруды қоғам алдындағы мақсат ретінде қойды. Осы бағытта жоғары оқу орындарының рөлі ерекше.
Университеттер қаншалықты білімді, толыққанды бәсекеге қабілетті мамандар дайындайтын болса, соған байланысты қоғамымыз дамиды. Осы орайда оқу жылында студенттердің білім алып, ғылыми жұмыстарын жетілдіруге кітапхананың, оқырман залдарының білім нәрімен сусындауға келген жастарға тигізер пайдасы өте зор. Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті басшыларының қолдауымен ҚазҰУ колледжінің студенттеріне арналған ғылыми кітапханасының оқырман залы мен абонементі салтанатты түрде ашылды.
Ашылу рәсіміне ҚР Кәсіподақтар Федерациясы жастар кеңесінің және Алматы қалалық «Парасат» кәсіподағының төрағасы Данат Жанатаев, ҚазҰУ «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев, ҚазҰУ Ғылыми кітапхана директоры Гүлжан Мұсағалиева, ректор аппараты жетекшісінің орынбасары Әбдіқаһар Сейітжанов және колледж директоры Талғат Молдаханов қатысты. ҚазҰУ-дың ғылыми кітапханасының директоры Гүлжан Мұсағалиева осы колледж студенттеріне арналған кітапхананы ашуға өте үлкен үлес қосып отыр. Абономентте 5000 дана кітап және бірнеше журнал-газет, жаңа оқу-әдістемелік жинақтар бар. Сонымен қатар оқырмандарға арнайы 160 орыны бар зал беріліп отыр. Кітапхана барлық сала бойынша әдебиеттермен қамтамасыз етілген. Оқырмандарға арнайы электрондық картотека мен каталогтарды қолдану мүмкіндігіне ие. Жаңа оқу жылынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде толық жаңғырту үрдістері жүріп жатыр. Биылғы оқу жылына ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі зерттеу университетінің үлгісін жасап жаңғыртуды жүзеге асыруда.
Сонымен қатар, колледждің 1-курс студенттері кураторларымен таныстырылып, алғашқы сабақ басталып та кетті.