«Алматы ақшамы» Республикалық қоғамдық-саяси газет
Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына орай ҚР Білім және ғылым министрінің басшылығымен 2011-2015 жылдарға арналған «Студенттік баспана» бағдарламасы әзірленгені белгілі. Жаңа оқу жылында әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде осы бағдарлама аясындағы алғашқы жатақхананың тұсауы кесіліп, пайдалануға берілді.
Іргесі 1986 жылы қаланып, жалпы аумағы 10 мыңнан астам шаршы метр жерді қамтып жатқан №14 жатақханаға қайта күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін 493 млн. Теңге қаржы жұмсалды. Сөйтіп, жатақхананың қабырғасынан бастап, еденіне дейін қайта жөндеп шыққан «Еділ-Жайық» ЖШС инвестициялық құрылыс мердігер компаниясы ғимараттың сантехникалық, электро-техникалық құрылғыларын, жертөлесін түгел жаңалады. Нәтижесінде, жанға жайлы жатақхананың әрбір бөлмесі күнделікті тұрмысқа қажетті төсек орынмен, үстел-орындық, теледидар, компьютер сыныптарымен толық қамтылған. Сонымен қатар, бір мезгілде 64 адамға қызмет көрсететін 4 жуынатын бөлме, спорт залы және бар.
Студенттердің екінші үйіне айналған жатақханада оқу залы, 250 орындық асхана, мәдени шаралар өткізуге арналған мәжіліс залы бар. Тау етегіндегі «Жастар қалашығы» атанған ҚазҰУ мекенінде бүгінде 13 жатақхана орналасқан. Дәл қазіргі уақытта бес мыңға жуық студентке жатақханадан орын берілген.
- Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық жатақханалар қалалық әкімшілік пен мемлекеттік Санитарлық-эпидемиялогиялық қадағалау департаментінің тексеруінен өтіп, студенттердің тұруына рұқсат етілді, - дейді, осы оқу орнының өндіріс департаментінің директоры Мұрат Нұрғазин.
Университет басшылығы «Студенттік баспана» бағдарламасы бойынша алдағы жылы 9 жатақханаға күрделі жөндеу жүргізіп, Ph докторанттар мен шетелдік оқытушыларға арнап 2500 орынды жатақхана құрылысын бастамақшы.
Рая ЕСКЕНДІР