Игіліктің бәрі бар
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің №14 жатақханасы биыл күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, заманауи жабдықталған болатын. Жақында бұл нысан студенттер қолданысына берілді.
Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың басшылығымен студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге байланысты 2011-2015 жылдарға арналған «Студенттік баспана» бағдарламасы әзірленген еді. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бұл бағдарлама өз міндетін бастап кетті десек болады. Негізінен №14 жатақхана орналасқан бұл ғимараттың іргесі 1986 жылы қаланған. Жалпы аумағы он мыңнан астам шаршы метрді қамтиды. Бес қабатты ғимаратты алып жатқан №14 жатақхана жиыны жеті жүзден астам студентті тұрғылықты орынмен қамтамасыз етеді. Жалпы жатақхананы қайтадан жаңғыртып, жаңартуға – 493 миллион теңге қаражат жұмсалды. Қазір мұнда бір мезгілде 64 адамға қызмет көрсететін 4 жуынатын бөлме, спорт залдары жасақталды. Мұндағы бөлмелер күнделікті тұрмысқа қажетті төсек-өрын, үстел, орындық сияқты жабдықтармен және теледидарлармен, компьютер сыныптарымен қамтылған. Сонымен қатар студенттің екінші үйі саналатын бұл мекенде оқу залы, 250 орындық асхана, мәдени-рухани, көпшілік шаралар ұйымдастыруға арналған акт залдары бар.
Айта кетелік «Студенттік баспана» бағдарламасы бойынша ҚазҰУ-да PH докторанттар мен шетелден шақырылатын оқытушыларға арналып тағы 2500 орынға арналған жатақхана салынады.
Саягүл ӘЛІМБЕКОВА,
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі