«Қазақша сөйлесейік!»
Кеше еліміз қазақстан халқының тілдері күні мерекесін атап өтті. Мерекелік шаралар әр аймақтағы мекемелер мен білім ошақтарында жан-жақты жүзеге асырылды.
Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тілдер» апталығы аясында өткен «Қазақша сөйлесейік!» атты арнайы шараға оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты. Шара барысында «Үштұғырлы тіл: бүгіні мен болашағы» деген тақырыпта пікірталас, «Тілге құрмет – елге құрмет» прозалық және «Ана тілім - ардағым» поэзиялық шығармалар байқауы ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Абай оқулары» шығыс, батыс, славян тілдерінде, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» тақырыбы аясында ұлттық-мәдени орталық өкілдерімен кездесу және «Мемлекеттік тіл – іскери тіл» атты университет қызметкерлері арасындағы байқау сынды шаралар да танымдық сипатымен ерекшеленді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.